Аймақ ардагерлері «Күй керуені» атты облыстық байқауда бақ сынады. Ерекшелігі сол, өнер сайысына кәсіби күйшілер қатыспайды. Сондықтан жеті аудан мен қаладан жиылған әуесқой күйшілер бағалы мұраны барынша асқақтатуға атсалысты.
Байқаудың талабы бойынша әйелдер 60 жастан, ерлер 63 жастан асқан болуы шарт. Сонымен қатар күйшілік дәстүрді мұрат тұтқан кәсіби мамандар мұнда өнер көрсетпейді. Әр ауданнан 3, облыс орталығынан 9 ардагер күйші екі кезеңде сынға түсті. Алдымен күй атасы Құрманғазының шығармасын орындаса, одан соң жергілікті күйшілердің репертуарынан күй тартады. Ал зейнеткерлердің өнерін бағалайтын қазылар алқасы кәсіби мамандардан құралған. Байқауда қатысушының күй орындау шеберлігі мен шығарманы жеткізе білуі бағаланды. Нәтижесінде «Күй керуені» атты күйші ардагерлердің облыстық байқауының бірінші орын шиелілік Емберген Ермахан мен қазалылық Күлдәрі Өтеуліге бұйырды.