Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, экономиканың барлық саласында 2022-2023 жылдары 66 мыңнан астам азамат жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді, оның 25 мыңға жуығы Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру» тапсырмасы аясында орындалды.

«2024 жылдың 10 айында 30 мыңға жуық азамат жаңа жұмыс орнымен қамтылды. Жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші төмендеді», - деді өңір басшысы ОКҚ көшпелі баспасөз конференциясында.

2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Осыған орай, аймақтың еңбек нарығына қажетті кадрлар даярлау үшін Мамандықтар атласын әзірлеп, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, тау-кен, техникалық-технологиялық, АйТи салаларына қажетті кадрлар даярланады.

«Қазақстан мен Оңтүстік Корея ынтымақтастығы аясында биыл Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Қазақстандағы алғашқы жасанды интеллект институты ашылды. Болашақ киберқауіпсіздік, информатика және ақпараттық жүйелер мамандары Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университеті әзірлеген бағдарламалар бойынша оқытылады», - деді Н.Нәлібаев.