Тереңөзекте «Көркемөнер – ұлттың темірқазығы» атты аудандық қолөнершілер фестивалі өтті. Он саусағынан өнер тамған шеберлер атакәсіптің сан алуан түрін көпшілік назарына ұсынды.

 ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ //Нағи Ілиясов ауылының тұрғыны Қуаныш Бисенбаевтың қолына тиген ағаш тамыры әп-сәтте әдемі, зерлі бұйымға айналып шыға келеді. Мәселен, мына менің қолымдағыға қарағанда жәй ғана жыңғылдың тамыры екен дейсіз. Алайда бұл «құм тасбақасы». Ағаш шебері қолындағы қашауымен сексеуіл, жыңғыл, жиде ағашының тамырынан дәл осындай аң-құстың кескінін келістіреді. Мұндай дүниені жасауға тек ептілік керек, дейді шебер.

 Ал, технология пәнінің мұғалімі Валихан Таңсықбаев энергетикалық сусынның құтысынан балаларға арнап ойыншық жасайды. Қалдық материалды ойып-бедерлеп, кескін бейнелеуге көп уақыт кетпейді дейді. Мәселен, көрмедегі мына машинаны шебер жарты-ақ сағатта дайындаған. Мектеп мұғалімі ойыншықтың түр-түсіне көбірек мән береді екен. Айтуынша, түрлі-түсті зат баланың ой-өрісін дамытып, қиялы мен көкжиегін кеңейтеді. Алдағы уақытта дыбыс шығаратын ойыншықтар әзірлемек.

Көрмені тамашалауға келгендер темірден түйін түйген Талғат Ыдырысовтың жұмысына да оң бағасын берді. Соның ішінде қазық, шеге суырғыш, шанышқы, кетпендерін сатып алуға ниет білдіргендерн болды.

 Көрмеге текемет,әшекей бұйымдар, ұлттық аспаптар мен ыдыстар, сондай-ақ түрлі картиналар қойылды. Осылайша ұлттық рухани құндылықты дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған шараға 46 шебер қатысып, өз жұмыстарын ұсынды. Алдағы уақытта қолөнершілер жұмысын жүйелеп, халыққа жиі, әрі қолжетімді түрде ұсыну жұмыстары жетіле түспек.

 Іс-шара барысында ұлттық өнерді өрістетіп жүрген қолөнер шеберлері аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Шара аясында Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, қолөнер шебері Жәнібек Маханбеттің «Аңыз негізі – ақиқат» атты кітабының тұсауы кесілді.