Облыс орталығында биыл бой көтерген Жыраулар үйінде ғылыми бағытта біршама жұмыс атқарылып келеді. Сондай-ақ, орталыққа елімізге белгілі өнер қайраткерлерін арнайы шақыртып, жас таланттарға шеберлік сабағын өткізу бастамасы қолға алынып отыр. Кезекті алқада күйші, композитор Ерболат Мұстафаев жас өнерпаздармен жүздесіп, күйшілік өнердің қыр-сырымен бөлісті.

 Сыр елі - жыр елі. Бұл көптен қалыптасқан тәмсіл. Дегенмен, сүлейлер туған өңірде күйшілік өнердің де өзіндік аужайы бар. Бұған кешегі Қазанғап, Әлшекей, Шалмырза секілді күйшілердің өнер мұрасы дәлел. Ерболат Жұмашұлы осы құндылықты қуаттап, аймақта күйшілік сарынның салмақты екенін ғылыми тұрғыда зерделеп жүрген қайраткер. Сыр перзенті әлемнің отызға жуық елінде күй шертіп, шығармалары халықаралық жинақтарға енген. Бір сөзбен нағыз кәсіби маман. Алматыдан арнайы келген мейман жұртшылықтың сауалдарына жауап беріп, асыл өнердің қыр-сырымен бөлісті.

 Ғалымдардың топшылауынша, еліміздің мәдени қорында 10 мыңға жуық күй бар. Бұл расында баға жетпес рухани байлық. Енді соның қадірін бағдарлап, ұмыт бола бастаған шығармаларды жаңғыртсақ, өскелең ұрпақтың танымы кеңейе түсері анық. Осы ойды қуаттаған жиын шеберлік сабағына ұласып, өрелі өнер өкілі күй тартыстың озық үлгісін көрсетті.

Дәрісте әр өңірдің күйшілік мектебінен үзінділер орындалып, тәлімі түсіндірілді. Сондай-ақ, қадірлі мейман бір шығарманы бірнеше нұсқада тартып, жастарға жол көрсете білді. Ең бастысы, бұл кеш арнайы видеотаспаға жазылып, орталық қорында сақталмақ.