Келер жылы Қызылордадан Көкшетауға тікелей әуе рейсі ашылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығы ұйымдастырған пресс-тур барысында әуежай басшылығы мәлім етті. Айта кетейік, бір топ журналист жаңа терминалға экотаксимен барды. Облыстың басты әуе қақпасының бүгінгі тыныс-тіршілігі тілшіміз Шакизат Жалғасқызының бейнематериалында.
Электр қуатымен жүретін экотакси - қоршаған ортаға қауіпсіз, жолаушыларға жайлы көлік. Қазіргі таңда қаламызда осындай 52 көлік халыққа қызмет көрсетуде. Толық қуатында 500 шақырымға дейін жол жүруге қауқарлы темір тұлпармен жаңа терминалға лезде-ақ келіп жеттік. Зәулім ғимаратқа кірген бойда көзге түскені жолаушыларды тіркеуге арналған орындар көп екен. Өзін-өзі тіркеу орындары, одан бөлек төлқұжат бақылау кабиналары да жұмыс істеп тұр. Жолаушылар әуежай қызметіне дән риза.
ТАЛҒАТ АЙДАРХАНОВ – АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Сыр еліне бірінші рет қонаққа келіп тұрмыз. Қорқыт ата әуежайы ашылған екен,қуанып тұрмын, шыны керек, керемет қылып жасап қойыпты, Қызылорда да ұнады маған, шағын бір жақсы қала екен. Кеше ұшып келгенбіз,Алматыдан қайта ұшып бара жатырмыз. Қазақстанымыздың осылай көркейе беруіне тілектеспін.
Жаңа әуежайдың басты ерекшелігі - Германиядан әкелінген екі телескопиялық трап. Замануи дәліз ұшақтан әуежай ғимаратына өту үшін пайдаланылуда. Багаж жүйесі Франциядан жеткізілген. Ал лифт пен эксалаторлар Финляндия өнімдері. Жалпы аумағы 7500 шаршы метрлік нысанда жолаушыларға барлық жағдай жасалған. Ана мен балаға арналған бөлмелер мен намаз оқитын орындар қарастырылыпты. Қазіргі таңда жаңа бағыттарға рейстер ашу бойынша келіссөздер жүргізілуде.
БАЯН ӘЖМОЛДАЕВ – «ҚОРҚЫТ АТА ӘУЕЖАЙЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ Қазіргі таңда 210 қызметкер бар, жаңа терминал іске қосылғанға байланысты 50 жұмыс орны ашылған болатын. Бізде 26 рейс орындалуда, оның 17 рейсі Астана қаласына 9 рейсі Алматы қаласына. Келесі жылы Қызылорда-Көкшетау, аптасына екі рет, рейс ашылатын болады. Одан бөлек Ақтау,Атырау қалаларына, әуе компанияларымен келісіссөздер жүргізілуде рейс ашуға. Өздеріңіз білесіздер жазғы уақытта Қызылорда-Анталия тікелей рейсі орындалған болатын. Ол рейстерде келесі жылы жазда қайтып қосылатын болады.
Айта кету керек, әуежайда жолаушыларды тасымалдауға экотаксилер қызмет көрсетуде. Электр қуатымен жүретін көліктер биыл қыркүйек айынан бастап ел игілігіне берілген болатын.