Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ішкі нарықтағы тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сапасын арттыру мәселесі қаралды. Жиыннан соң облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізіп, жауапты сала басшыларына үкімет отырысында қаралған мәселелер бойынша тапсырма берді.

Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, жаңа технологияларды енгізіп, ғылымды дамыту, ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін күшейту бағытында тапсырма берген болатын. Үкімет басшысы осыған байланысты көктемгі егіс және жиын-терім жұмыстарын табысты жүргізу үшін алдағы желтоқсан айынан бастап дихандарды қаржыландыру жұмыстарына кірісу керектігін айтты.

Президент сондай-ақ алдағы 3 жылдың ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға дейін арттыру міндетін қойды. Облыс әкімі жауапты орынбасарларына осы мәселеге байланысты арнайы Жол картасын әзірлеп, тауарлы сүт фермасын, құс еті мен жұмыртқа өндіретін фабрикалар, мал бордақылау алаңдарын көбейтіп, агроөнеркәсіп кешенін индустрияландыруды тапсырды. Мәжілісте қаралған келесі мәселе - ішкі нарықтағы тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сапасын арттыру. Облыс әкімі мемлекеттік кірістер департаментінің басшысына кедендік бақылауды күшейтіп, талапқа сай келмейтін тауарлардың өтуіне жол бермеу керектігін айтты. Ал, санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандарына сауда нысандарын тексеріп, күнделікті тұтынатын өнімдерге сынама жүргізуді тапсырды.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ \Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мақсатында аймақтағы сауда орындарынан барлығы 161 өнімге сынама алынып, зертханалық зерттеу жүргізілген. Оның ішінде 47 үлгі техникалық регламенттердің таңбалану талаптарына сәйкес келмеген.\

Күз айында әсіресе жеміс-жидектің түр түрі сатылады. Нұрлыбек Нәлібаев сондықтан жемістердің сапасын, қауіпсіздігін қатаң бақылауға алуды және құрамында нитраты көп көкөністердің сатылуына жол бермеу керек,- деді.