Төретам кенті мен Ақай ауылының халқы жылу беру маусымында алғаш рет көгілдір отын игілігін көріп отыр. Маусым айында газ беріліп, енді міне мәз болып отырған тұрғындармен тілшіміз тілдесіп қайтты.
Байқоңыр іргесіндегі қос елді мекен жаз айында көгілдір отынмен қамтылды. Қылышын сүйретіп қыс келер шақта табиғи газдың игілігін көріп отырғанына тұрғындар дән риза. Солардың бірі - Ақай ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Назира Шөмекеева.
НАЗИРА ШӨМЕКЕЕВА - АҚАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ «Үйім қазір жып-жылы. Өзім жұмыстан келген кезде үйім жылы тұрады. Теплый полды да орнаттым. 2001-ден бері Ақайда тұрамын. Содан бері көмір жағып, от жағып келе жатырмыз. Соның барлығынан құтылғанымызға риза болып тұрмыз».
ЭЛЬМИРА ҚАЗИЕВА – АҚАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ «жоба бойынша 56 шақырымнан астам газ құбырлары тартылды. Сонымен қатар 7 газ тарату станциялары орнатылды. Жалпы ауыл бойынша 1328 газ нүктесі шығарылған болса, қазіргі таңда оның 832-сі техникалық шарт алып, газ қосуға дайын. Оның нақты қосылғаны 807».
84 жастағы қария Әмидулла Нағыметов те қуанып отыр. Көмір тасып, күл шығармайтын болдық дейді. Көгілдір отын келіп, көңілі бірленгенін айтады.
ӘМИДУЛЛА НАҒЫМЕТОВ - ТӨРЕТАМ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ «Біздің ауылда көптен күткен едік, келді. Өте бір тамаша оқиға болып тұр. Халықтың әлеуметтік жағдайын жасауда бұл үлкен көмек болып отыр. Ғұмыры ұзақ болсын дейміз газдың. Жақсы жұмыс істеп тұр».
ҒАЛЫМЖАН ЕЛЕУСІНОВ - ТӨРЕТАМ КЕНТІНІҢ ӘКІМІ «бұл жобаның құны - 1 млрд. 332 млн теңге. Жоба 2022 жылы басталып, 20224 жылдың маусым айында аяқталды. Газ құбыры 79.9 км толығымен орындалды. 1046 үй газ құбырына қосылды. 8 заңды тұлға газға қосылды».
Айта кетейік, бүгінде облыс тұрғындарының газбен қамтылу көрсеткіші 75 пайызды құрап отыр. Жыл соңына дейін аймағымызда тағы 5 елді мекен көгілдір отынмен қамтылмақ.