Қызылордада халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына орай «Әлем таныған Әбдіжәміл» атты еске алу кеші болды. Әдеби шараға Астана мен Алматы қаласынан келген қаламгер қауым арнайы қатысып, Әбдіжәміл әлемінен сыр шертетін жаңа жинақтың тұсауы кесілді.

 Әбдіжәміл Нұрпейісов – «жиырмасыншы ғасыр – қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» атануына сүбелі үлес қосқан суреткер жазушы. Биыл қағілез қаламгердің туғанына - 100 жыл. Әбеңнің ғасырлық мерейтойы еліміздің әр аймағында ұйымдастырылып, шығармалары дәріптеліп жатыр. Мәселен, жуырда Алматы қаласында Қазақстан Жазушылар одағының бастамасымен халықаралық ғылыми-танымдық конференциялар болды. Сол әдеби орта енді Сыр өңірінде бас қосып, мәңгілік мұрасын қаламмен қашаған жазушыға құрмет көрсетті.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ

Қаламгердің туған жері Сыр өңіріндегі «Руханият жылы» аясында жыл бойы тағылымды шаралар өткізіліп, қазан айынан бері «Әлем таныған Әбе» атауымен кешенді рухани-танымдық топтамаларға басымдық берілуде. «Қалам ұшындағы ғалам» атты халықаралық суретшілер симпозиумы, «Теңіз текті тұлға» атты республикалық шығармашылық байқау, естелік кітаптардың жарық көруі, Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада өткен «Кітап және қаламгер» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы – соның айғағы.

Бағамдасақ, Әбдіжәміл Нұрпейісов – талғампаз жазушы, қайраткер қаламгер. Талғампаз болатыны – ол өзгелердей өндіріп жазған жоқ. Әдеби ортаға мәлім: «Қан мен тер», «Соңғы парыз», «Сең» секілді бірнеше ғана шығармасы бар. Дегенмен, әр туындысын он қайтара өңдеп, талғам таразысына тартып отырды. Ал, толқынды теңіз тағдырын шығармашылығына арқау етіп, мезгіл мәселесін мұқым елге жеткізуі Әбеңнің қайраткерлік қырын айғақтап тұр. Әдеби кеште Сыр перзентінің осындай озық қырлары айтылып, шығармаларынан театрландырылған көрініс қойылды.

 Жиында аймақ басшысы қаламгерлердің қарашаңырағы Қазақстан жазушылар одағының 90 жылдығымен құттықтап, шығармашылық өкілдеріне құрмет көрсетті. Сондай-ақ, ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулетті 70 жылдық мерейтойымен құттықтап, облыстың «Құрмет грамотасын» табыстады. Ал кеш соңында жуырда жарық көркен «Біздің Әбе» атты жаңа жинақтың тұсаукесер рәсімі болды.

 Осылайша теңізбен тамырлас талант иесінің қаламгерлік қыры дәріптеліп, руханият әлемі байи түсті. Айта кетейік бүгін жазушының туған топырағы Арал ауданында әдеби шаралар жалғасын тауып, парасатты поэзия кеші ұйымдастырылып жатыр.