Биыл қазан айынан бастап елімізде ротациялануға жататын тұлғалардың қатары кеңейген болатын. Лауазымда болу мерзімі 4 жылдан бастап 8 жылға дейінгі аралықты қамтитын департамент, басқарма басшысы мен аудан әкімдерінің орынбасарлары уақыты келгенде өзге өңірге немесе басқа мемлекеттік органга қызметін ауыстыруы қажет. Облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті ұйымдастырған жиында осы және өзге де мәселелер кеңінен талқыланды.
Жалпы мемлекеттік қызметші соңғы атқаратын лауазымына тағайындалған күнінен бастап 4 жылдан кейін ротациялануға жатады. Ол ротациядан жазбаша бас тартқан жағдайда, лауазымда болу мерзімі екі жылға ұзартылады. Бірақ мемлекеттік қызметші бір лауазымды сегіз жылдан артық атқара алмайды. Тек мүгедектігі бар, көпбалалы, жалғызбасты немесе зейнеткер ата-анасы бар тұлғалар өзге өңірге ротацияланудан босатылады. Жиынға ротациялануға жататын мемлекеттік қызметшілер қатысып, қызметін ауыстыру барысында кездесетін мәселелерді талқылады. Айта кетейік, ротациялау кезінде арнайы бекітілген біліктілік талаптары ескеріледі. Сондай-ақ ротациялануға жататын мемлекеттік қызметшілер туралы шешім 2025 жылдың 31 қаңтарына дейін қабылданып болуы тиіс.
ЖАСҰЛАН ШЫНТАСОВ - ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ
Зейнеткерлік жасқа жетуіне үш және одан да аз жыл қалған мемлекеттік қызметші ротациядан босатылады. Ол үшін мемлекеттік қызметші өтініш береді, ал уәкілетті адам ротациядан босату туралы акті қабылдайды. Бұл жерде уәкілетті адам - мемлекеттік қызметшіні лауазымға тағайындауға және лауазымнан босатуға құқығы бар адам.