Жыл жабар сәтте қазақ өнері қара жамылды. ҚазКСР-нің Еңбек сіңірген өнер қайраткері, бейнелеу өнерінің хас шебері, ақын Қайырбай Зәкіров 80 жасқа қараған шағында келмес сапарға аттанды.
Қайырбай Зәкіров – бейнелеу өнерінің биігіне шыққан қайталанбас қайраткер. Ол 1945 жылы 25 ақпанда айдынды Арал топырағында дүниеге келген. Сыр перзенті жастайынан суретшілік өнерге қадам басып, табиғи талантын кәсіби тұрғыда жетілдірді. Яғни, 1968 жылы Николай Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, кейін Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін тәмамдаған. Шығармашылық туындылары Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайынан бастап, АҚШ, Жапония, Ресей және Еуропаның бірнеше елінде жеке коллекциялар мен көрмелерге қойылған.
Бейнелеу өнерінің сан түрі бар. Соның ішіндегі ең күрделісі – графика өнері. Бұл бағытқа екінің бірі беттей бермейді. Мехнаты мол жұмыс әрі терең таным мен ой ұшқырлығын талап етеді. Бір сөзбен, құр талант жеткіліксіз. Қайырбай Зәкіров осы ауыр өнер жүгін, жеңіл еңсерген бірден-бір парасат иесі еді. Оның Қызылордадағы шағын шеберханасы шығармашылықтың нағыз ыстық ұясы болды. Сыр перзенті сол аядай жерде қаншама классикалық туындылар өндіре жүріп, талай таланттың томағасын сыпырды. Ондағы мың түрлі бояу тынымсыз тірліктің түрлі арнасына сыр шертіп тұратын.
Кейде терең ойға кетесің де, табиғаттың шеберлігіне қайран қаласың. Бір адамның бойына осынша өнерді сіңіре салған жаратушы иенің кеңдігінде кемдік жоқ қой, шіркін! Расымен, Қайырбай Зәкіров – бөлшектеуге келмейтін бүтін болмыс еді. Сыр перзенті суретші, ақын, әнші, мүсінші, тіпті, сөз зергері ретінде танылып, бірнеше өнердің биігіне шықты. Ол бәзбіреулердей әр қияны бір шалған жоқ. Сан салалы талантын бір уыста ұстап, өзін үнемі жетілдіріп отырған толық тұрпатты тұлға болды!
Бағамдасақ, қағілез қаламгер суретте – ақын, өлеңде – суретші болды. Ал, елге салсаң, көкірегі көмбе жырау-тын. Бірақ өзін «қарапайым қазақ» деп таныстырғанды құп көрді. Расымен ол терең өзендей тынып ағып, тындырымды тірлігімен талайға үлгі болған парықты перзент.
Жарық жалғанда жeл соққaн шырaқтaй жaлп eтiп сөну оңaй. Теңізбен тамырлас талант иесі арамызда болса келер жылы 80 жасқа толар еді. Дегенмен, жаратқанның жазмышына шәк келтірмейміз. Бір анығы, Қайырбай Зәкірұлының еселі еңбегі, бекзат болмысы, кіршіксіз күлген дидары өзінің туындылардай тарихқта хатталары кәміл!