Жаңақорған кентінде 600 орындық жаңа мектеп ашылды. Бұл өңірдегі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ел игілігіне берілген бесінші білім ордасы. Тұрғындардың қуанышына ортақтасқан облыс әкімі білім саласындағы жоспарлармен бөлісті.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 6 900 орынға арналған 10 мектеп құрылысы басталса, бүгін оның бесіншісі табысталды. Жыл көлемінде тағы 5 жайлы мектептің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Құны 4 млрд 709 млн теңге болатын 600 орындық «Жайлы мектеп» «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының үйлестіруімен жүзеге асырылған. Осы арқылы Жаңақорған кентінің «Саяжай» мөлтек ауданындағы мектеп мәселесі шешімін тапты. Оқушылар қолайлы әрі қауіпсіз, заманауи жабдықталған, кең әрі жайлы мектепте білім алатын болады. Аймақ басшысының сапары әрі қарай аудан тұрғындарымен кездесумен жалғаспақ. Сондай-ақ түстен кейін облыс әкімі Шиелі ауданында да қоғамдық қабылдау өткізеді деп жоспарланып отыр.