Жаңадан салынып жатқан Қызылорда жылу электр орталығының құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Қазір нысанның 70 пайызы бітіп тұр. Маңызды жобаның жай-жапсарын әріптесім Елжас Әбділда сабақтайды.

«Қызылорда жылу электр орталығы» кеңестік кезеңде салынған. 60 жылдан асқан стратегиялық нысанның әбден тозығы жетіп тұр. Механикалық аппараттың адуынды айқайы жер жарады. Бір сөзбен, ескі есіңді алары белгілі. Мамандар қаусаған құрылғыларды бір маусымда бірнеше рет жөндеп, жұртшылыққа әупіріммен жылу беріп отыр. Яғни қазір облыс орталығындағы 800-ге жуық көпқабатты тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар осы орталық арқылы жылытылады.

Мамандар көнетоз құрылғылармен енді әуреленбесе де болады. Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш болып заманауи жылу электр орталығының қазығы Қызылордада қағылды. Нысан құрылысы 2023 жылы басталған. Дем арасында жазық жерден еңселі кешен бой көтеріп үлгерді. Жобаның жалпы құны - 215 млрд теңге. Орталық түгелдей түркиялық инвестордың қаржысына салынып жатыр.

ЕЛЖАС ӘБДІЛДА – ТІЛШІ

Қазір мұнда негізгі жұмыстардың 70 пайыздан астамы аяқталған. Мамандар дәл осы сәтте үлкен қазандықтың қаспетін қаптап жатыр. Сәтін салса, нысан жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Осы арқылы өңірде жылу мен электр энергиясының тапшылығы түбегейлі шешілмек.

Жылу электр орталығының құрылысына 600-ге жуық маман және 60-тан астам техника жұмылдырылған. Қазір негізгі жұмыстар кестеге сай орындалып жатыр. Бұл орталық іске қосылса, жылудан мүлде мәселе болмайды, - дейді мамандар. Сондай-ақ, мұнда өндірілетін электр энергиясымен облысты түгел қамти отырып, өзге өңірлерге қол ұшын созуға да мүмкіндік тумақ.

Көне нысанның кетілгенін жетілдіріп отыру оңай шаруа емес. Сондықтан, жаңа жылу электр орталығы көпшіліктің де көптен күткен тілеуі. Нысан іске қосылса, қызылордалықтар қыстан қысылмай шығатындарына сенімді.

Осылайша басталған істің көбі бітіп, азы қалды. Демек, 60 жыл қызмет еткен бұл орталықты құрметті демалысқа жіберетін күн жақын.