Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин Екінші дүнижүзілік соғыс ардагері – тыл еңбеккері Түтебаева Төле Науанқызына Жеңістің 80 жылдығына арналған Ресей Федерациясының мерейтойлық медалін табыстады.
Төле Науанқызы екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілген. Тылдағы еңбек майталманы. 95 жастағы кейуана Қармақшы ауданы, Жосалы кентінде дүниеге келген. Соғыс жылдары еңбекке ерте араласып, ауыр жұмыстардың бел ортасында болған. Масақ теру, бидай бастыру жұмыстары оны ерте есейтті. 11 жасында-ақ Жосалыда пошташы, майданнан келген хаттарды және басқа да хат-хабарларды жеткізуші, теміржол вокзалынан майданға жіберілетін азық-түлікті тасушы болып жұмыс істеген.
Константин Бусыгин қарияның денсаулығы мен қал-жағдайын сұрап барып, Төле Науанқызына Ұлы Жеңіс жолындағы ерен еңбегі үшін алғысын айтты. Сый-сияпат жасады.