Айтулы мерекеге орай Өнер орталығында «Анаға тағзым» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік кешке облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, түрлі салада табысты еңбек етіп, аймақтың әлеуметтік экономикалық дамуына үлес қосып жүрген нәзік жандарға құрмет көрсетті.

ӘКІМЖАН ЖОЛТАЕВ, ТІЛШІ \ Арулар - асыл жандар! Шуақ боп шашылғандар, қуат боп тасынғандар, құшақ боп ашылғандар, Арулар-асыл жандар! Айналасына шуақ шашып, нұрын төгіп жүретін аяулы жандарға жырдан маржан, айдан алқа тақсақ та артық болмас. Себебі, бүгін шаңырақтың шаттығы, отбасының ұйытқысы, берекесі мен бірлігі аналардың мерекесі.

 Мерекелік кешке жарқын істердің бастаушысы, ел бірлігінің ұйытқысы, ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегі болып жүрген нәзік жандар бас қосты. Күнделікті күйбең тірліктен бір сәтке болса да қолы босаған қыз-келіншектердің жүздері жайдары, көңілдері көтеріңкі. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев барша Сыр сұлуларын шұғылалы көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, игі лебізін жеткізді.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ \Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әйелдер қауымының отбасындағы, қоғам өміріндегі және мемлекетті жан-жақты дамыту ісіндегі рөлі орасан зор. Қыз-келіншектер өндірісте, шығармашылық жолында, саясат, бизнес және басқа да көптеген салада биік белестерді бағындырып келеді»,- деген болатын. Тәуелсіз Қазақстанның толағай табыстары мен аймағымыздың жеткен жетістіктерінің барлығында әйелдер қауымының өз қолтаңбасы бар. Аймағымыздың сан алуан саласында белсенді еңбек етіп, ел ырысын арттырып жүрген әйел-аналар, Сырдың сұлу арулары - соның дәлелі.

 Иә, Ана отбасының ғана емес қоғамның да ұйытқысы. Бұрымдылар бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді әлдилеп отыр. Мәселен, өңірдегі медицина қызметкерлерінің 88 пайызы қыз-келіншектер болса, педагогтардың 78 пайызын, мемлекеттік қызметшілердің 45 пайызын нәзік жандар құрайды. Мерекелік кеште түрлі салада еселі еңбек етіп, аймақтың дамуына атсалысып жүрген жандар мен түрлі сала ардагерлері «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» және «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.

 Марапат легі мұнымен толастаған жоқ. Аудандық әйелдер кеңесінің төрайымдары, білім, медицина, журналистика саласында еселі еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер облыс әкімінің алғыс хатына ие болды. Құрмет төрінен көрінгендердің қатарында әріптесіміз, Қызылорда телеарнасының бас редакторы Айнұр Тұңғышбаева да бар.

Гүл көктемдегі керемет кеш жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты. Шара барысында музыка мэтрі Рамазан Тайманов пен театр тарланы Бақытбек Алпысбаев Сыр аруларына ерекше тарту жасады.

Ал, Мүлкаман Қалауов атындағы өнер мектебінің вокалдық тобы анаға деген шексіз сезімдерін әсем әнмен жеткізді.