Қызылордада жұмысшы мамандықтардың Атласы әзірленеді. Бұл еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлауға септігін тигізбек. Қазіргі таңда аймағымызда 334 мың адам еңбекпен қамтылса, соның 150 мыңнан астамы жұмысшы мамандар.
Еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтар бойынша биыл 525 жұмыссызды қысқа мерзімді курстарға оқыту көзделіп отыр. Сонымен қатар, «Скиллс Еңбек» электронды білім беру порталы арқылы тегін курстар жоспарланған.
ЖАНАР ДӘУЛЕТБАЕВА – ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Онлайн оқыту платформасында жаңа дағдыларды үйретуге арналған 848 курс қолжетімді, бұл курстардан өткен жылы облыс бойынша 3 мыңнан аса жұмыссыз азаматтар оқудан өтсе, биыл 20 мыңнан аса адамды қамту межеленуде, Электрондық еңбек биржа порталына өзгеріс енгізіліп оқушылар мен ТИПО студенттеріне оқу мүмкіндігі берілді. Жыл соңына дейін облыстық білім басқармасымен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен бірлесіп «Жұмысшы мамандықтарының атласы» әзірленеді. Аталған атлас еңбек нарығындағы болашағы бар мамандықтарға сұраныс пен ұсынысты айқындайтын болады».
Бүгінде аймақтың 19 колледжінде бес мыңға жуық студент жұмысшы мамандығы бойынша білім алып жатыр. Соның ішінде 200-іне биыл тұрақты жұмысқа жолдама беріледі.
БЕКЖАН ЕСЕНБАЕВ – ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«2025 жылдан бастап бітіруші курстардың кәсіпорындар базасындағы оқу-өндірістік іс-тәжірибеден өтуі туралы ақпарат «Еңбек KZ» электронды порталына енгізіледі. Бұл түлектердің практикадан өтуімен қатар тұрақты жұмысқа орналасуына өз ықпалын тигізетін болады. Сонымен қатар, 2025 жылы колледждерді үздік бітіруші 200 түлекке тұрақты жұмысқа орналасуы үшін арнайы жолдама беріледі. Ағымдағы жылы 400 студент мақсатты мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуға қабылданатын болады. Оқуға қабылданған студенттердің теориялық алған білімдерін кәсіпорын базасындағы іс-тәжірибемен ұштастыруға және практикадан сапалы өтуіне, нәтижесінде олардың тұрақты жұмысқа орналасуына кәсіпорындар тікелей жауапты болады».
Сонымен қатар аймақтағы кәсіптік білім беру саласын транфармациялаудың Жол картасы қабылданды.
БЕКЖАН ЕСЕНБАЕВ – ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«білім сапасына байланысты оқу орындарының арнайы рейтингін қалыптастырып, жыл сайын бақылауды жүзеге асыратын боламыз. Бұл оқу орындарының бәсекеге қабілетті кадрлар даярлаудағы әлеуетін айқындайтын болады. Биылғы жылы халықаралық талаптарға сәйкес шетелдік оқу орындарымен әріптестік байланыс орнату жүзеге асырылатын болады. Осы ретте айта кету керек Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғарғы колледжі Германия мемлекетінің Лейпциг университетімен педогогика, психология мамандығы бойынша, сондай-ақ Исатай Әбдікәрімов атындағы колледж Американың білім беру ұйымдарымен ынтымақтастық орнатты».
Ал, білім ордаларында жұмысшы мамандардың санын арттыру бағытында бірқатар жоба қолға алынбақ.