#qyzylordatv #news #қызылорда #жаңалықтар #комиссия #сыбайлас-жемқорлық
Бүгін облыс әкімінің төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті. Жиында тұрғындарды баспанамен қамту және туризм саласына бюджеттен бөлінген қаражаттың игерілуіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері талқыланды.
Өңірде соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Облыс орталығынан бөлек аудандарда да әлеуметтік осал топтағы азаматтар баспанамен қамтылуда. Мәселен, былтыр аймақта 14 мың отбасы пәтер кілтін алды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады. Нұрлыбек Нәлібаев осы орайда жауапты сала басшыларына тұрғын үйдің кезекпен берілуін қадағалауды және кезекте тұрғандар мен баспаналы болғандардың тізімін заң талаптарына сәйкес жариялап отыруды тапсырды. Сонымен қатар, асыраушысынан айырылған балаларға бөлінетін 20 пайыздық үлес қатаң сақталуы керектігін айтты.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ \Кейінгі жылдары аудандарда да тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға үй салынып, ел игілігіне табысталуда. 2024 жылы 1019 пәтер салынып, кезекте тұрған азаматтарға табысталды. Биылғы жылы да осы жұмыстарды жалғастырамыз. Қызылорда қаласында көптеп салыну керек, кезекте тұрған азаматтар көп\
Сондай-ақ бүгін облыс әкімінің төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Күн тәртібінде еңбек мигранттарының арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу, нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күрес мәселесі қаралды. Өңірде өткен жылы 21 мың 825 шетел азаматы уақытша тіркеуге алынған. Олардың 97 пайызы жұмыс істеуге келген. Еңбек мигранттарының арасында көші-қон заңнамасын бұзу деректері тіркеліп отыр. Облыс әкімі құзырлы орган басшыларына заңсыз шетелдік жұмыс күшін тартқан жұмыс берушілерді анықтап, жауапкершілікке тарту мәселесін күшейтуді және құқық бұзушылықтың алдын алуды тапсырды. Мұнан бөлек, есірткі қылмысына қарсы күресті күшейту, есірткінің жасырын таралу арналары мен интернет арқылы сату әрекеттерін анықтап, жою шараларын қолға алу керектігін айтты.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ \Есірткі жасыру орындарын анықтау мақсатында бейнебақылау жүйесін күшейтіп, арнайы рейдтер ұйымдастырыңыздар. Оқушылар мен студенттер арасында нашақорлықтың алдын алу шараларын күшейтіп, ата-аналармен бірлескен түрде синтетикалық есірткінің қауіптілігі туралы кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізіңіздер\