#qyzylordatv

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында майдандағы сарбаздар соңғы демі қалғанша күрессе, тылдағы еңбек те толастаған жоқ. Еңбек майданына жас та, кәрі де тартылды. Ботатірсек кезінен бейнеттің бел ортасында болған жанның бірі - сырдариялық Зүбайра Нұрманова.

Сұм соғыс салған ылаң сексен жыл өтседе ұмыт болған жоқ. Майдан ызғары бүкіл ауылды шарпыды. Талай жесір көзінің жасын бұлады, талай жетім «әкешім» деп жылады. Ал, елде қалған қариялар, әйелдер мен балалар тылға тартылды. Зүбайра Нұрманова 87 жаста. «Бізде балалық шақ болған жоқ. Ер азаматты оқ қинаған, бала-шағаны жоқ қинаған заман» деп еске алады.

ЗҮБАЙРА НҰРМАНОВА – ТЫЛ АРДАГЕРІ /// Соғыстың зардабын тарттық. Әкеміз соғысқа кетті. Екі ағам кетті. Үлкен әкеміз бен шешеміздің қасында жүрдік. / Күріш егеді ғой. Күріш еккен кезде, есін білетін балалардың бәріне масақ тергізеді. Сол кезде шешеміздің қасында жүретін едік қой. Жалғыз мен емес қой. Мен қатарлының барлығының көрген күні сондай ғой.

Зүбайра әженің көкейінде көп дүние жатыр. Оның бәрін ақтарылып айта бермейді. Бір анығы, тылда еңбек еткендердің барлығы мылтықсыз майданда болды. Жеңісті жақындатуға жан аямай тер төкті. Ақжаулықты ана соғыс аяқталған соң да бейнеттің бел ортасынан табылды. Атыз аралап, егіс жағалады. Тыл ардагері тынымсыз еңбектің арқасында бүгінде мәуелі бәйтерекке айналып, бейбіт күннің берекесін көріп отыр.

 ЗҮБАЙРА НҰРМАНОВА – ТЫЛ АРДАГЕРІ /// 8 балам бар. 24 немерем бар. 13 шөберем, 3 шөпшегім бар. / Шүкір ғой, шүкір. Тәуба. Құдай енді соғыс болмасын. Бәленің беті аулақ. Халқым, елім аман болып, осы елім, бала-шаға шалқып өмір сүрсін.

 Еңбек ардагері әлі күнге дейін газет оқып, ауданның тыныс-тіршілігімен танысып отырады. Ал, шалғайда жүрген немере-шөбересімен cмартфон арқылы сөйлеседі. Бейбіт заманда өмір сүріп жатқан жастардың тағдырына қарап, оларды шынайы бақытты ұрпақ деп біледі.