#qyzylordatv
Аймағымызда үйірлі шегірткенің қыстап шыққан күбіршектеріне көктемгі мониторинг жұмыстары басталды. Зиянкестермен дер кезінде күреспесе, күн қызған сайын олар бой бермей кетуі әбден мүмкін.
Зиянкестен келетін зардаптардың алдын алу мақсатында арнайы жұмысшы топтар құрылды. Мамандар ауыл шаруашылығына зор қауіп төндіретін шегірткенің таралуына жол бермеу жағын пысықтап, алқаптарды залалсыздандыру жұмыстарына баса мән бермек. Осы орайда облыс бойынша 60 мың гектардан астам жерге химиялық өңдеу жүргізу жоспарланып отыр. Оның ішінде 24 мың гектары — италиялық прусқа қарсы, 35 мың гектардан астамы — азиялық, ал 55 мың гектарға жуық жер — саяқ шегірткеге қарсы өңделеді.
МҰХТАР ОРАЗБАЕВ – ОБЛЫС БОЙЫНША АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯ БАСШЫСЫ Қазір Арал ауданында, Қазалы ауданында, Жаңақорған, Шиелі аудандарында бақылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы италиялық прус шегіртке ерте оянады. Өткен жылы біз зерделеу жұмыстарының қорытындысымен алғашқысы болып 6 мамырда жер бетіне шыққан болатын. Осыған сәйкес Арал ауданында италиялық прус ең көп таралған жері. Жалпы 5 ауылдық округ қамтылып отыр. Көлемі 21,700 га жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Одан кейін Қазалы ауданында 3 ауылдық округке жалпы көлемі 1482 га жер қамтылып отыр. Қармақшы ауданында 1 ауылдық округте 100 га, Жалағаш ауданында 1 ауылдық округте 1300 га жер қамтылды. Сырдария ауданында 2 ауылдық округте 100га, ал Шиелі, Жаңақорған, Қызылордада таралған азиялық тектес шегіртке.
Айта кетейік, биыл шегіртке зиянкестеріне қарсы фитосанитариялық күрес жұмыстарына арнайы техника мен заманауи құралдар тартылған. Атап айтқанда, 4 жер агрегаты, 2 аса жеңіл ұшақ және 3 дрон залалсыздандыру шараларына жұмылдырылып отыр. Сонымен қатар, аудандар бойынша шегірткеге қарсы қорғау іс-шараларын үйлестіру үшін арнайы жол картасы әзірленген.