#qyzylordatv

«Құндылықтарға негізделген білім: Әдістеме. Тәжірибе. Инновация». Жаңақорған ауданындағы №286 орта мектепте осындай тақырыпта облыстық семинар өтті. Жиынға аймақтағы білім беру ұйымдары басшыларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысып, тәжірибе алмасты.

 «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер...». Міне, ұлттық құндылықтарға негізделген білім ошағының шәкірттері жеті атасын жаттап, әке үмітін ақтап, салт-дәстүрді сақтап жүр. Жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, берен мылтық, өткір кездік, қандыауыз қақпан, ақыл-білім секілді ер жігітке тән жеті қазына құндылығын көңілге түйіп, санасына тоқып алған. Мектеп оқушылары мұнан бөлек, жүн түтіп, киіз басуды, текемет тоқып, құрақ көрпе тігуді, қолөнер бұйымдарын жасауды меңгерген.

 ЛӘЗЗАТ НӘЛІБАЕВА – №286 ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ \Әкелер академиясы, аналар кеңесі, әжелер кеңесі деген керемет ұлттық жобалар өзінің жалғасын тауып жатыр. Неше түрлі үйірмелер бар. Балаларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында төл тарихымызды таразылап, бабалар рухын асқақтату мақсатында үлкен еңбектер жасалуда.... \

 Бүгінде еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Мақсат - баланың бойына біліммен қатар ұлттық тәрбиені сіңіру. Семинар барысында әр мектептен келген мұғалімдерге осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар көрсетілді.

ЖҰЛДЫЗ АСҚАРОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ТӘРБИЕ, СПОРТ ЖӘНЕ ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ \Адамзаттық ұлттық құндылықтар негізінде рухани бай, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген тұлға қалыптастыруға негізделген....Семинардың өскелең ұрпаққа және педагогикалық кадрларға беретін тәлімі өте мол деп ойлаймын\

 Мектепте оқушылардың қаржылық сауаттылығын арттыру, буллингтен қорғау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, еңбекке баулу, шығармашылық әлеуетін арттыру бағытында да бірқатар жобалар қолға алынған. Сонымен бірге, бала тәрбиесіндегі отбасы институты рөлін нығайту мақсатында «Әкелер мектебі», «Аналар кеңесі», «Әжелер мектебі» жобасы жұмыс істейді.

Айта кету керек, бұл білім ошағы «Ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру» бағдарламасы аясында заман талабына сай жабдықталған. Мұнда stem-лаборатория, робототехника, арт-студия, онлайн және шеберлік сабақтарын өткізуге арналған телестудия мен шеберханалар жұмыс істейді. Семинарға қатысушылар мектептің тыныс-тіршілігімен танысып, ашық сабақтарға қатысып, тәжірибе алмасты.