#qyzylordatv

Жыл басында 85 жастағы Төлеген Аштанбаева облыс әкімінің қабылдауына келді. Мақсаты біреу – әкесі туралы дерек табу. Сұм соғыс талай әйелді жесір, талай баланы жетім етті. Сол кездегі Аштанбай Сағындықовтың да келіншегі мен үш қызы талай жыл бойы көздері жәудіреп күтумен өтті. «Мына жалғаннан арманда кетпейін, әкемнің жатқан жерінен дерек тауып берсеңіз» деген кейуана өтініші бойынша үздіксіз жұмыс басталып кетті.

Сыр елінің перзенті Аштанбай Сағындықов – екіншідүниежүзілік соғыста хабарсыз кеткен жауынгердің бірі. Ол 1907 жылы Қармақшы ауданы бұрынғы Ильич совхозында дүниеге келген. Ал, 1942 жылы аталмыш аудандық әскери комиссариатынан майданға шақырылған. Жауынгер Сағындықов сол 42 жылдың аяғына дейін ауылға хат жолдап тұрған, кейін хабар күрт үзілген. 1943 жылы ауылға «қатардағы жауынгер Сағындықов ерлікпен қаза тапты» деген 1122-ші нөмірлі қара қағаз келген. Қайтіп, қалай, қайда – ол жағы беймәлім күйде қалған.

Туыстары ізденбеді емес, ізденді. Әскери комиссариат «хабар-ошарсыз кеткен жауыгерлердің тізімінде» екені жазылған хат жіберген. Сосын жауынгер Сағындықов Ленинград қаласын қорғауда ерлікпен қаза тапқаны жазылған қара қағаздың көшірмесін қайта жіберген.

Қан майданнан оралмаған Аштанбай Сағындықовтан бүгінде көзі тірі жалғыз кенжесі 85 жастағы Төлеген Аштанбаева, үш қыздың екеуі қайтыс боп кеткен. Әкімнің қабылдауынан кейін облыстық жұмылдыру дайындығы құзырлы органдарға, елшілікке, оның ішінде Ресейдің ведомстволарына, «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігіне, тіпті Ресейде оқып жүрген қызылордалық студенттерге де байланысқа шықты. Көп ізденістен белгілі болғаны - Аштанбай Сағындықовтың сүйегі Ресейдің Ленинград облысының аума¬ғын¬да Кириш Будугош мекенінде жерленген, бірақ, кейін келе оны Пчевжин елді мекені маңындағы бауырластар зиратына қайта қойылғаны мәлім болды. Сосын екен хабар-ошар табу қиынға соққаны.

Осы істің басы-қасында жүрген Санкт-Петербург университетінің студенті, жерлесіміз Рахат Орынбаевтың да үлесі бөлек. Ол бауырластар зиратына арнайы барып, Аштанбай Сағындықовтың рухына Құран бағыштап, сол жерден топырақ алып, Қазақстанға, оның ішінде Төлеген Аштанбаева тұрып жатқан Жалағаш ауданына салып жіберіпті.