#qyzylordatv
Айналаға ажал оғы себілсе де, қайсарлықты қамал қылып, жеңіс туын көтерген бабалар ерлігі ел есінде. Сондықтан жыл өткен сайын бұл күннің маңызы арта түспек. Осы ізгі мақсатқа ұйысқан Сыр жұртшылығы облыс орталығындағы «Тағзым алаңында» жеңіс мерекесін тағылыммен тойлады. Тақырыпты әріптесім Елжас Әбділда сабақтайды.
Ананы баладан, баланы әкеден айырған сұм соғыстың салқыны санадан өшпесі анық. Төрт жыл тыныштықты кетірген майдан даласына Қызылорда облысынан 150 мыңнан астам сарбаз аттанды. Солардың 60 мыңы ғана оқ пен оттың ортасынан оралған. Жылдар жылжыған сайын қаңқұйлы соғыс куәгерлері азайып барады. Қазір Сыр өңірінде көзі тірі екі-ақ майдангер қалды. Мерекеге орай оларға 5 миллион теңгеден қаржылай сыйлық беріліп, жеңісті жақындатқан жауынгерлер ерлігі дәріптелді.
1418 күнге созылған соғыста еркіндік пен қатыгездік тайталасқа түсіп, миллиондардың қаны төгілді. Қаншама қала қирап, қаншама ел зардап шеккен. Сондықтан, жеңістің сексенінші көктемінде ерліктің ерен үлгісін көрсеткен батырлар мен қауызын ашпай, көктей қырқылған жандарға ерекше құрмет көрсетілді.
Сұрапыл соғыс майдандағы жауынгерлердің ғана емес, елде қалған жастардың да жүрегіне жазылмас жара салды. Балалығын соғыс ұрлаған буынның алды қазір ғасырды еңсерген. Бүгінде Сыр өңірінде 1700 тыл ардагері тұрады. Атаулы күнге орай еңбек майданының жауынгерлеріне 196 мың теңгеден әлеуметтік көмек көрсетіліп отыр. Шын мәнінде, «бейбіт өмір, ашық аспан» деген ұғымдар тылда тірлік еткен қариялардың басты тілеуі.
Екінші дүниежүзілік соғыс жауынгерлерінің ерлігі кейінгі буынға өнеге болды. Мәселен, 1941 жылы Латвияда құрылған «Мотоатқыштар» полкі 34 жылдан кейін қайта құрылып, Ауған жеріндегі ұрысқа араласты.
Сұм соғыста жеңіс қамалын тұрғызып, бейбіт күнді туғызған бабалар ерлігін дәріптеуге келген жұртшылықтың қарасы қалың. Бұл ерлік рухы ешқашан өшпесінің дәлелі.
ЕЛЖАС ӘБДІЛДА – ТІЛШІ
Иә, қазір соғыс үні естілмейді, бірақ, ерлік ескірмейді. Өйткені, бейбіт күннің бағасын өткен күннен табасың. Сондықтан, бұл мереке тойлаудың ғана емес, ойлаудың да мезеті. Жеңістің сексенінші көктемінде мәңгілік алау маңында көңілге түйгеніміз осы.