#qyzylordatv

Шіркейлі ауылындағы нөмірі 129-шы мектеп-лицейінде соғыс ардагері Баймұрат Бекмурзин атындағы сынып ашылды.

 Баймұрат Бекмурзин 1922 жылы Сырдария ауданы, Шіркейлі ауылында дүниеге келген. Кескілескен шайқасты да, өлім мен ортасында жаралы болудың қияметін де көрген. Сонда да ұрыс алаңына оралып, қайтпас қайсарлығының арқасында 1944 жылы «Қызыл жұлдыз» орденімен, 1945 жылы екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған.

 МАРАТ БАЙМҰРАТҰЛЫ - Б.БЕКМУРЗИННІҢ ҰЛЫ

 «Ол кездері соғыс туралы көп айтылмайтын. Тек соғыс туралы киноларда айтылатын. Соны әкеміз дұрыстап мән беріп, көріңдер деп айтатын. Сөйтіп медальдарын көрсететін. Ол кісі атқыштар дивизиясында болған. Будапешт жақта соғысқан, сол қаланы азат еткен. Украина үшін соғысқан. 1945 жылы аман-есен оралып,сөйтіп осы мектепке мұғалім болып орналасқан».

 Соғыстан аман-есен оралған Баймұрат Бекмурзин еңбек майданында тер төгіп, артынан өшпес із қалдырды. Ол 35 жыл бойы математика пәнінің мұғалімі болып, шәкірт тәрбиелеген. Ардагер ұстаздың ұл-қыздары әке жолын жалғап, бүгінде білім саласында еңбек етуде.

СӘУЛЕ БАЙМҰРЗАЕВА - Б. БЕКМУРЗИННІҢ ҚЫЗЫ

 «Өзі сол математик болғаннан кейін бізді де сол математикаға тәрбиелеп, жақсы білім беріп, сол мектепте жүріп, біздің өзіміз де сол көкемнің үйреткендерінің арқасында олипиадаларға қатысып, сол математика бізге қызықты сабақ болды. сөйтсем сол көкемнің бізге берге білімінің арқасында екен. Біз де мұғалім болдық».

 Бүгінде майдангердің 11 перзетінен қырықтан астам немере, 130 дың үстінде шөбере, 15 шөпшек тараған.

СӘУЛЕ БАЙМҰРЗАЕВА - Б. БЕКМУРЗИННІҢ ҚЫЗЫ

 «Біздің әкеміз соғыстан мен қайтпағанымда, осынша ұрпақта өмірге келтірмес едім. Мен осы аман-есен соғыстан келіп, осындай балаларды дүниеге келтірдің деп бізге мақтанышпен айтып отыратын. Сонымен 86 жылы 64-ақ жасында өмірден озып кетті. Бірақ біздерді өмірге келтірді».

 Майдангердің есімін ұлықтау мақсатында ауыл мектебінде жыл сайын математикадан олимпиада өткізіледі. Бұл жолы да оқушылар белсенділік танытып, жүлделі сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ соғыс ардагерінің есімін олардың жадында жаңғырту мақсатында Баймұрат Баймурзин атындағы математика сыныбы ашылды.

 Баймұратовтар Жеңіс мерекесінде ауылдағы Тағзым алаңына келіп, мәңгілік алау монументіне гүл шоғын қойды. Соғысқа қатысқан атасын еске алып, рухына құран бағыштады.