#qyzylordatv

Сыр өңірінен шыққан Кеңес Одағы Батырларын бүгінгі ұрпақ біле ме? Тарих бетінде өшпестей із қалдырған есіл ерлердің есімдері кім?

АСЫЛЗАТ ЖОЛДАСҚЫЗЫ —ТІЛШІ

//Түбі жоқ тарихтың шежіресінде шейіт болған боздақтар, отанымызды жаудан қорғаған даңқты батырларымыз қаншама?! Ерліктің сөнбес оты – мәңгілік алау іргесіндегі мына мемориалдық ескерткіш сұрапыл жылдардан сыр шертеді. Шыны керек, мұндағы жазуларға біз күнде үңіле бермейміз. Ал бұл жерде кімдердің есімдері жазылған? Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес одағының батыры атағына ие болған жауынгерлердің есімдерін білеміз бе? Бүгін сол сауалға жауап іздеп көрелік.//

Мәңгілік алау жанындағы мәрмәр тасқа «Кеңес Одағының Батыры» атағын алған 23 сарбаздың есімдері жазылған. Оларды мұқият оқып шығып, әрқайсысының жанқиярлық ерлігі туралы білуге асықтық:

Петр Артемов 1944 жылдың шілде айында атқыштар батальонының құрамында Ковель қаласының батыс жағындағы бекіністі бұзып өтуге қатысқан. Ал жаңақорғандық батыр Әнуар Әбутәліпов қан майданға 19 жасында аттанған. Звенигород әуе-десанты дивизиясының 13-гвардиялық атқыштар полкінің станокті пулемет расчетінің командирі болған. 1944 жылдың қазанында Дебрецен операциясына қатысып, Тисса өзенінен өту кезінде ерекше батылдық көрсеткен. Кәкім Әбдіқадыров 2-дүниежүзілік соғысқа бастан аяғына дейін қатысқан жауынгер. Ленинградты қорғауда 2 рет ауыр жарақат алған. Соғысты Прага қаласында аяқтапты. Соғыстан кейін халық шаруашылығында еңбек еткен. Қазалылық Мақаш Балмағанбетов Днепр өзені жағасындағы шайқаста ерлік көрсетсе, кіші лейтенант Иван Журба неміс басқыншыларына қарсы соғыста тапқырлық танытқан. Ол небәрі алты сарбазбен немістің жүк автокөліктерін талқандап, жүзден астам фашистің көзін жойған екен. Кеңес Одағының батырлары Нағи Ілиясов, Георгий Ковтунов,Тәйімбет Көмекбаевтың ерлігі мен өрлігін білмейтіндер кемде-кем. Жәлел Қизатов Одесса, Керчь, Сталинградты қорғауға, Украина, Белоруссия, Польшаны азат етуге, Германия жеріндегі ұрыстарға қатысса, Семен Ларионов 1941 жылы Қызылорда қалалық әскери комиссариаты арқылы майданға аттанып, артиллериялық взводтың командирі болған. Бір деревнядағы плацдармды талқандап, жау қолындағы билікті тартып алғаны үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған.Өр рухты Жақыпбек Махамбетовтың есімі де тасқа қашалған. 1942 жылдың қаңтарында әскерге алыныпты. Механизаторлық мамандығы бар қазақ солдаты станокты пулеметтің тілін тез игеріп алады. Аз күнгі әзірліктен соң әуелі Калининград майданындағы соғысқа кіреді. Ол 1943 жылдың 2 қазанында қолдан буылған салмен жаудың қардай бораған оғының астында өзінің аз ғана тобымен бірге Днепр өзенінен өтеді. Жаудың шабуылына тойтарыс бере отырып, "Максим" пулеметімен 43 фашисті жайратқан. Иван Махорин, аралдық Александр Мин,қазалылық Михайлюк Яков сынды батырлардың есімі де тарих беттерінде қашалған. Кеңес Одағы батырларының тізімінде – Ерденбек Ниетқалиев те бар. Ал, Жаппасбай Нұрсейітов соғыс кезінде Солтүстік флоттағы сүңгуір қайыққа есімі берілген жалғыз қазақ. Ұрыс қимылдарының алғашқы жылдарынан-ақ ерлік пен өрліктің үлгісін көрсетті. Қорқынышты жеңген өжет ер әркез бірінші болып шабуылға шығып, жау окоптарына дауылдай тиіп, талай фашисті тас-талқан еткен. Қан майданда бірнеше рет жараланып, госпитальдарда емделіп, қайтадан ұрысқа аттанып отырған.