#qyzylordatv
Сыр медицинасының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген қос ардагер Сағындық Шамшиев пен Абдулла Шүленбаевтың құрметіне әріптестері арасында спартакиада өтіп жатыр. «Алтын дәрігер» төсбелгісінің иегері Сағындық Шамшиев биыл 80 жасқа толса, денсаулық сақтау ісінің үздігі Абдулла Шүленбаев 75 жасқа толған торқалы тойын атап өтуде. Ал, дәстүрлі спартакиада биыл 57 –ші мәрте жалауын желбіретті.
Денсаулық саласының қызметкерлері салауатты өмір салтын белсенді насихаттаушылардың бірі. Бұл жолы бас-аяғы 18 команда үйреншікті ақхалатты спорттық киімге ауыстырып, бақ сынады.
СӘУЛЕБЕК ЫСҚАҚОВ, «SENIM» ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІ ЖҰМЫСКЕРЛЕРІ САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ // Жалпы сайыс 9 түрлі сайыстардан өтеді, оның ішінде волейбол, футбол, тоғызқұмалақ, асық ату, теннис, жүгіру түрінен өтеді. Осы спорттың барлық түрінен I,II,III орындар белгіленеді. Онан бөлек командалық I,II,III орын белгіленеді. Осылардың барлығына 3 миллионнан астам қаражат қаралып отыр. Сол жеңімпаздарға берілетін болады.
АСХАТ БОРАНБЕКОВ, СПАРТАКИАДАҒА ҚАТЫСУШЫ / Біз қалалық орталық емханадан келіп тұрмыз. Командамызда 10 қатысушы. Біз 6-шы емханамен сайысқа түстік, қалалық орталық емхана жеңіске жеттік. Басқа да қатысушыларға сәттілік тілейміз!
Адам жанына араша түсетін жандарға қай кезде де құрмет ерек. Соның ішінде, байсалды жүріс-тұрысымен, таза, адал еңбегімен есімдері елге мәлім Сағындық Шәмшиев пен Абдулла Шүленбаевты әріптестері ерекше қадірлеп, мақтан тұтады.
САҒЫНДЫҚ ШАМШИЕВ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ІСІНІҢ ҮЗДІГІ / 1968 жылы институтты бітіріп келгеннен кейін қалалық ауруханада хирург болып орналастым. Онан кейін сол еңбегімді ары қарай жалғастырып, сонан бері үзбей медицинаға барлық бойымдағы білімімді беріп келемін. Біз әр жыл сайын осы спартакиадаға қатысып, жақсы өтуіне атсалыстық. Әр ұжымның өзінің намысы бар. Сол коллективтегі жастарды спортқа баулу,пайдасын іс жөнінде дәлелдеп, көрсету.
АБДУЛЛА ШҮЛЕНБАЕВ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ІСІНІҢ ҮЗДІГІ //Осы медицина саласында істегеніме 52 жыл болды. Университетті бітіріп келгеннен кейін облыстық ауруханаға жұмысқа тұрдым. Сонан бері хирургия саласында жұмыс істеп жүрмін. Жылда медицина саласының спартакиадасы өтеді. Сол спартакиадаға ең бірінші бастап өзім қатысқанмын.
Аталған спартакиада 19 маусым – медицина қызметкерлерінің күні қарсаңында қорытындыланбақ.