#qyzylordatv

Алматыда қазақ спорт журналистикасының көрнекті тұлғасы, спорт комментаторы, тележурналист, Ақпарат саласының үздігі Амангелді Сейітхановты еске алу турнирі өтті. Шағын футболдан биыл төртінші мәрте жалауын көтерген республикалық турнирде қызылордалық қаламгерлерден құралған «Ақмешіт» командасы чемпион атанды.

 Жеңімпаздарды әріптестері зор қошеметпен күтіп алды. Команда капитаны Әділбек Жақанов «Бұл жеңіс қаланың ғасырлық мерейтойына тартумыз», - деді. Шоқтығы биік ала доп бәсекесі биыл жарыстың бас ұйымдастырушысы “Хабар” агенттігінің 30 жылдық мерейтойымен қатар келді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 14 команда топтық кезеңді Чемпиондар лигасының жаңа форматы бойынша өткізді. Яғни, үш кездесуде көп ұпай жинаған үздік 8 ұжым плей-оффқа жолдама алды. Ақтық сынға дейін 5 ойын өткізген «Ақмешіт» командасы қарсыластарын қапы қалдырып, финалда ойнауға мүмкіндік алды. Тараздықтармен чемпиондыққа таласқан жерлестеріміз жеңімпазды пенальти сериясында анықтап, кубокты иеленді. Айта кетейік, қызылордалық қаламгерлер дәл осы турнирдің екі дүркін чемпионы атанып отыр.