#qyzylordatv
Эстрада әншісі, облыстық филармония өнерпазы Бекзат Молдабергеновтің сахнада жүргеніне 10 жыл. Осыған орай Өнер орталығында әншінің шығармашылық кеші өтті.
Жас та болса өзіндік тыңдарманы қалыптасқан, ән қоржыны әсем әндерге толы әншіні өнер сүйер қауым қол соғып, ыстық ықыласпен қарсы алды. Бекзат Молдабергеновті көпшілікке танытқан «Түнгі қала», «Қамажай» , «Қыздар-ай» сынды әндері. Дегенмен әншінің өзі шығармашылық кешті «Атың кім?» деп атауды жөн көріпті. Шығармашылық ізденіспен шығар биігі, ән өнерінде алар асуы әлі алда дегенді білдірсе керек.
БЕКЗАТ МОЛДАБЕРГЕНОВ — ӘНШІ // Кеште бірнеше жаңа әндер орындалады, сиясы кеппеген, бірінші рет орындалатын әндер бар. 10 жылдықтан кейін ары қарай басқа облыс, аудандарға кешімізді берсек деген ниеттеміз. Бала кезден өнерпаз боламын деп еш ойлағам жоқ, арманым басқа болды. Өнерге келгеніме еш өкінбеймін. Конкурстарға, көптеген байқауларға апарып, пісірген Бағдагүл Есмұрзаева апайыма, эстрадалық цирк колледжіндегі Есенбек Жұмағалиев, Бауыржан Исаев ағайларыма алғысымды айтамын.
Кеш бойы Бекзат Молдабергеновті «Сыр самалы» вокалды аспапты ансамблі сүйемелдеді. Жанды дауыста өткен концертте қызылордалықтар талантты өнерпазбен бір толқында болып, ғажайып сезімге бөленді.
Концерт барысында әнші көрермендермен сұхбаттасты, әзіл айтып, сый-сыяпат үлестіріліп, көпшілік рухани серпіліп қалды.