Өңірге жұмыс сапарымен келген Еуропалық одаққа мүше мемлекеттердің елшілері қаладағы бірқатар мәдени-әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.
Елшілер алдымен «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық-инновациялық академиясына барды. Бүгінде орталықта елуден астам үйірме бар. Мәселен, балалар бокс, күрес, таэквандо, үстел теннисі залында спортпен шұғылданса, кескіндеме, сурет салу, резин арт бөлмесі, вокал, домбыра, хореография үйірмелеріне барып, шығармашылық қабілетін шыңдайды.
Академияда мұнан бөлек, робототехника, жасанды интеллект, биотехнология, 3D модельдеу, КИП және автоматтандыру, киберспорт үйірмелері жұмыс істейді. Еуропалық одаққа мүше мемлекеттердің елшілері орталықтың жұмысымен танысып, талантты өрендердің өнерін тамашалады. Оқушылардың өз қолдарымен дайындаған ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары, қазақы ою-өрнекпен көмкерілген шығармашылық туындылары шетелдіктерге ерекше әсер сыйлады.
Елшілер мұнан соң қайта жаңғыртудан өтіп жатқан Президент саябағына барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Қазір мұнда аллея, субұрқақ, амфитеатр, спорт және би алаңдары, балалар ойын алаңдары салынған. Сонымен қатар, фудкорт, теннис үстелдері, айналмалы дөңгелек аттракцион, тамақтану орындары, велосипед және жүгіру жолақтары бар. Жалпы, қала тұрғындары мен қонақтары үшін ең керемет демалыс орталығына айналып отыр.
Жалпы аумағы 45 гектарды қамтитын Президент саябағы қазір қарқынды құрылыс алаңына айналған. 300 орындық балалар лагері мен қысқы бақ салынып жатыр. Ботаникалық бақта Оңтүстік Африка, Оңтүстік және Орталық Америка, Қытай, Жапония, Мадагаскарда өсетін ерекше өсімдіктер отырғызылады.