Қыстағы алаудан көктемгі шуақ артық демекші, санаулы күннен соң табалдырықтан наурыз аттағалы тұр. Бүгін өткен Үкімет отырысында көктемгі егіске әзірлік жайы әңгіме болды. Сыр елінің аяқ алысын аймақ басшысы баян етті. Жиында не айтылды, нендей мәселеге назар аудары керек, биылғы су лимиті қандай болмақ – тілші жеткізсін

Қысың қарлы болса - жер семіз, көктемің жаңбырлы болса - дән егіз демекші, қарлы қысты көру соңғы жылдары оңтүстік өңірлер үшін арман болғаны қашан. Сәуегей іздемей-ақ, су тапшы болатынын осындай ауа райынан айна-қатесіз танисың. Үкімет те биыл судың көлемі аз болатынын шаруаларға алдын ала ескертіп жатыр. Биыл біздің облыс 185 800 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді көздеп отыр. Әрине, күріш көлемі тағы қысқарады.

Биыл есесіне жүгері егіп көреміз. Былтыр тамшылатып, жаңбырлатып суару әдісімен 8 100 гектар егін егілсе, биыл 16 700 гектарға жеткізу межеленген. Күріш алқаптары лазерлік тегістеуден өтуі шарт. Көктемгі егіске әзірлік барысын баяндаған сала басшысы техника 90 пайызға дайын, сүдігер айдалды, жағармай қоры енді толықтырылады, каналдар тазартылуда, тыңайтқыш керек деді

Айтпақшы, кей аудандар тұқыммен әлі күнге дейін толық қамтамасыз етілмепті, олар – Сырдария мен Қармақшы аудандары және бұл лекте Қызылорда қаласы да бар. Қысына қарай көктемі, диқанына қарай кетпені демекші, ылғал аз, берілер су лимиті де мәз емес, сондықтан су үнемдеу ең көкейтесті мәселе болмақ. Айтпақшы, шаруашылықтарға берілген су көлемі космомониторинг арқылы қадағаланады, қарапайым сөзбен айтқанда, ғарыштан қай шаруашылық суды қалай кәдеге асырғаны алақандағыдай айқын болмақ.

Үкімет отырысындағы ақпаратқа сәйкес, Энергетика министрлігі көктемгі егіске 10 100 тонна дизель бөлді. Ол шаруаларға кестеге сәйкес таратылады. Ерте егілетін дақылдар наурыз айының бірінші онкүндігінде себіледі. Су лимитіне сәйкес жоспарланған көлемнен артық бірде-бір гектар жерге егін егілмеуі тиіс. Бұл мәселені қатаң бақылауға алу қажет, себебі ол Үкіметтің ерекше назарында, - деді облыс әкімі

Айта кетейік, жыл басынан бері суға жауапты министрлік фермерлерге су беру жөніндегі келісімшартты электронды форматқа көшіруде. Жүйе су берудің толық циклін қамтиды. Осы талапты Сыр еңбеккерлері де орындауы тиіс. Үкімет талабы солай. Көктемгі әрекет - күзгі берекет деп бекер айтылмаса керек.