#qyzylordatv
Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында жаңа премьера! Өнер ұжымы көрерменге драматург Әділбек Тауасаровтың «Аюдың апаны» пьесасын ұсынды. Бұған дейін «Махаббат аралы» атауымен сахналанған бұл қойылым бүгінде жаңа мазмұнмен, қоғамның көкейкесті мәселелерін арқау етіп, қайта жаңғыртылды.
«Аюдың апаны» – парақорлық пен пендешіліктің шырмауында қалған үш адамның тағдырын баяндайтын психологиялық драма. Қойылым шындықпен бетпе-бет келген сәтте адам баласының қандай шешімге баратынын шынайы суреттейді. Оқиға дәрігер Марат пен оның жары Айна орманға демалуға келген сәттен басталады. Кенет денсаулығы сыр берген дәрігерге көмек көрсету орнына орманшы ақша талап етіп, соңында дәрі орнына әйелін айырбастауды сұрайды. Шыбын жаны үшін бәріне көнген кейіпкер ақыры өз күнәсімен бетпе-бет келеді.
ХҰСЕЙІН ӘМІР-ТЕМІР – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, РЕЖИССЕР //Әділбек Тауасаровтың біраз болды бұл спектакльді жазғанына. Кезінде біз «Махабббат аралы» деп қойдық. Таза жазылған драматургия ешқашан қөзінің құнын, қасиетін жоймайды. Ол кезде біз махаббатқа байланысты, махаббатқа сатқындық турасында қойылған болса, бұл жолы басқаша оймен қойып жатырмыз. Әділбек Тауасаровтың бұдан бөлек он шақты пьесасы бар. Соның ішіндегі тұшымдысы осы болды ғой деп ойлаймын. Соны өз деңгейінде қоюға тырыстық.
Үш кейіпкер – үш тағдыр. Бірақ үшеуі де бір-біріне жауапты, бір-бірінің күнәсі мен кешірімінің көлеңкесінде өмір сүріп жүр. Орманшы бейнесі – жай кек сақтаушы емес, әділеттің сәтін күткен жан. Бұл рөлді осыған дейін де сомдаған Бақытбек Темірбеков кейіпкер образын жаңа қырынан көрсетуге тырысқан.
БАҚЫТБЕК ТЕМІРБЕКОВ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, АКТЕР Көп жерін өзгерттік, декорациясыда өзгерді. Бұл жерде өзгермей қалған Сырым екеуміз. Айнаны ойнаға қызымызда өзгерді. Сол образ, сол орманшының бейнесінде ойнадым. Бірақ енді қазір ол жылдарға қарағанда тәжірибе жиналды. Осы жолы меніңше басқа қырынан көрсеттім ғой деп ойлаймын.
Қойылым тек сахналық тартыс емес – бұл бүгінгі қоғамның шынайы келбеті. Актерлік шеберлік пен сахна тілі арқылы айтылған ауыр ақиқат көрерменнің жүрегіне жол тапты.
Қойылым ар алдында жауап берудің ауыр салмағын көркем түрде көрсеткен туынды болды. Осылайша, өнерсүйер көрермен театрдан санасына сәуле түсіріп тарқасты.