#qyzylordatv #заңментәртіп

«Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру үшін халықтың құқықтық сауатын арттыру маңызды. Осы мақсатта облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент жанынан құрылған мобильді топ Шиелі және Жаңақорған аудандарында болып, тұрғындарға тегін құқықтық кеңес берді.

 Мобильді топ құрамында құқық қорғау органдарының қызметкерлері, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік сала мамандары мен заңгерлер бар. Олар әуелі Шиелі ауданы тұрғындарының талап-тілегін тыңдады. Соның ішінде, алимент өндіре алмай жүрген жандарға құқықтық тұрғыда кеңес берсе, жер дауы мен еңбек қатынасына қатысты шағымдар бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, іс-шарада интернационалист жауынгерлерді шипажайға жіберу мәселесі көтерілді.

 ҚАЙРАТ СЫЗДЫҚОВ – АУДАНДЫҚ «ТАУЛЫ ҚАРАБАҚ АРДАГЕРЛЕРІ» БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ //Біздің ардагерлерге шипажайға жіберу жағы бекітілмеген. Өйткені, барсаң сен мүгедексің ба дейді. Жоқ, ардагерміз десек, жоқ ондай қарастырылмаған дейді. Осы сауал бойынша собез мамандарына келдім. Мамандар енді ішкі бюджетке байланысты, облысқа байланысты мәселені қараймыз деді. Мысалы басқа облыстарда ардагерлерге шипажайға жолдама беріліп жатыр. Өзіміз бірге болған қаруластарымыз барып жатыр.//

Сонымен қатар тұрғындарды жұмысқа орналасу, мемлекеттік несие, жеңілдіктер мен субсидиялар алу мәселесі қызықтырды. Соның ішінде тұрғын үй кезегіне тұру бойынша кеңес алуға келгендер көп болды.

 ЖАЗИРА ЖАПАР – «ОТБАСЫ БАНК» АҚ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ЛИДЕР-КЕҢЕСШІСІ //Көбісі үйдің кезегіне қалай тұрамын деген сауалдармен келіп жатыр. Қазір қаланың сол жағалауында көптеп тұрғын үйлер бой көтеріп жатыр. Соған кімдер қатыса алады, қалай қатысамыз деген деген сұрақтарына жауап беріп, мағлұматтар бердік. Үй кезегіне көпбалалы, мүгедектігі бар баласы барлар, жалғызбасты сонымен қатар жалпылама 18 ге толған адамдардың барлығы үйдің кезегіне тұра алады. Тұрғындар толық ақпарат алды.//

 Осылайша, мобильді топ 30-ға жуық шиеліліктің мәселесін тыңдап, тегін кеңес берді. Жиын әрі қарай Жаңақорған ауданында жалғасты. Қабылдауға келгендердің бірі – Әйгерім Әбілтайқызы. Аудан тұрғыны бір емес, бірнеше сұрақпен келіпті.

 ӘЙГЕРІМ ӘБІЛТАЙҚЫЗЫ – ЖАҢАҚОРҒАН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ //Қазіргі таңда ауданда электр жарығына қуат жетіспейді. Соның салдарынан үйдегі тұрмыстық техникалар күйіп кетіп жатыр. Одан кейін білім басқармасына да сауалымды жолдадым. Сауалдарыма тиісті жауапты мамандардан жауаптар алдым. Алдағы уақытта өз шешімін табады деп сендерді. Мобильдік топтың тұрғындармен жүздесіп, тиісті сауалдарына жауап беріп жатқандығы көңіл қуантады.//

 Қабылдауға келгендер заң саласына қатысты да сан түрлі сауалдарын жолдады. Бір айта кетерлігі құқықтық кеңестердің барлығын ақысыз түрде алуға болады. Оған мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлініп отыр.

 РУСЛАН ТІЛЕП – ОБЛЫС БОЙЫНША СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ДЕПАРТАМЕНТТІҢ АСА МАҢЫЗДЫ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ ОФИЦЕРІ //Әлеуметтік мәселе, тұрғын үй езегіне тұру, зейнетке шығу және тағы да көптеген сауалдар бойынша жауаптар беріліп жатыр. Балабақша мен мектепке балаларын кезекке қою бойынша да келіп жатыр. Мұндай шаралар басқа да аудандарда жалғасатын болады...//

 Айта кетейік, алдағы уақытта мобильді топ құқықтық кеңес беру шарасын өзге аудандарда жалғастырады.