#qyzylordatv

Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесіне орай Шиелі ауданында аталмыш сала өкілдерінің қатысуымен спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Қым-қуыт қызметтің қосында жүрген мамандар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған дәстүрлі дода биыл он бірінші мәрте өткізіліп отыр.

 Егемен ел мен қоғамға қалтқысыз қызмет ету – әрбір азамат үшін абыройлы іс. Бұл ретте әсіресе мемлекеттік қызметшілерге артылар жауапкершілік жүгі ауыр. Олар көбінде уақытпен санаспайды. Әр ісіне ыждағатпен қарап, сенім үдесіне селкеу түсірмеу - билік дәлізіне аяқ басқан әрбір қызметкердің ұстанымы. Осындай маңызды міндет арқалаған шиелілік мемлекеттік қызметшілер 11 жылдан бері спорттық бәсекеде бақ сынап, салауатты өмір салтын насихаттап келеді.

 Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде ұйымдастырылған спорттық бәсекеге 30-дан астам мемлекеттік қызметкер қатысты. Олар алдымен гір тасын көтеруден сайысқа түсіп, білек күшін байқатты. Мұнан соң қол күрес, арқан тарту секілді ұлттық және күштік ойын түрлері бойынша жарыстар ұйымдастырылды. Бұл кәсіби мерекеге орай әріптестердің емен-жарқын жүздесуі. Сондықтан, сала мамандары спорттық би билеп, өнерлерін де ортаға салды.

Бүгінде елімізде 80 мыңға жуық, ал өңірімізде 3 мыңнан астам мемлекеттік қызметші бар. Олар мемлекеттік мәселелерді негізге ала отырып, аймақта жүзеге асыруға тиіс шараларды атқарып келеді. Олардың қатарында ширек ғасыр шебінде ісінен ши шықпаған шиелілік мамандар көп.

 Кәсіби мерекеге орай өзге де спорт түрлерінен тартысты бәсекелер ұйымдастырылды. Ал жеңімпаз атанған командалар аудан әкімінің алғыс хатымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.