#qyzylordatv

Қызылордада қызметтік көлікте отырған полицейге дөрекілік көрсеткен жасөспірімге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиға оныншы шілде күні таңғы сағат бес жарым шамасында болған.

Әлемеуттік желіде тараған видеодан жеткіншектің қызметтік көліктің ішіне ентелеп, полицейге шүйліккені көрінеді. Қасындағы достары да бұл әрекетке күле қарайды. Бірақ тәртіп сақшысы балалардың бұл бассыздығына жауап қатпаған. Облыстық Полиция департаментінің өкілдері тұрғындардың тыныштығын бұзған балаларға айыппұл салынды дейді. Тіпті қылмыстық іс те қозғалған екен.

“Аталған құқықбұзушылық бойынша жасөспірімдер ұсталып, барлығы әкімшілік жауапкершілікке, оның ішінде түнгі уақытта заңды өкілінсіз көшеде жүргендері үшін де жауапкершілікке тартылды. Жасөспірімдердің біріне қатысты билік өкілін қорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ жасөспірімдердің ата-аналары кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды,”- деп мәлімдеді облыстық Полиция Департаментінің баспасөз қызметі.