Негізгі Жаңалықтар Президент дарынды оқушыларды марапаттады

Президент дарынды оқушыларды марапаттады

#qyzylordatv 

Үздік оқушылар Ақордада. Мемлекет басшысы халықаралық пән олимпиадаларында топ жарып, жүлделі орындарға ие болған оқушылармен және студенттермен кездесті. Президент жаһандық бәсекеде білімді әрі зияткер ұлттар ғана алға шығатынын атап өтті. Сондықтан да талапты жастарды «қазіргі заманның нағыз батырлары» деп атады. Іс-шара барысында мемлекет басшысы кешегі сайлауға қатысты пайым-пікірін де айтты. 


 Физика, химия, биология, математика. Ең қиын пәндер бойынша биыл қазақ жастары әлемдік білім бәйгелерінде үздік атанды. Биік белесті бағындыру үшін ең әуелі тәртіп пен табанды еңбек қажет дейді оқушылар.


ЕРАСЫЛ АЛТЫНБЕК - МАТЕМАТИКАДАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДАНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ  

 Көп уақытты мен олимпиада кабинетінде өткізетінмін. Қызығы сол олимпиада кабинетінде түнеген кезім де болды. Балалармен бірге дайындалдық. Ең бастысы үздіксіз дайындық керек. Бір күн үзсең бір апта жинаған білімің кетіп қалады деп ойлаймын


 Президент озат оқушыларға шынайы ризашылығын білдірді. Қазақстанның жарқын болашағы ойы ұшқыр, білімді әрі дарынды жастардың қолында екенін атап өтті. Халықаралық олимпиадаларда топ жарған өрендер 2 миллионнан 6,5 миллион теңгеге дейін сыйақы алды. 


 АЙЗЕРЕ ЖЕҢІСХАНОВА - ХИМИЯДАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДАНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ 

 Мен осы ғылым жолында өзімнің өмірімді жалғастырғым келеді. Лабороторияда жұмыс істеуге, әсіресе экология мәселесін шешуге өзімнің ынтам бар


 Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың талантын шыңдап, білім берген ұстаздар қауымына да алғыс айтты. Шәкірттері беделді халықаралық жарыста топ жарған ұстаздарға жоғары мемлекеттік марапаттар табысталды.


 МЕЙРАМГҮЛ КЕНЖЕХАНОВА - ФИЗИКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ  

 Мектепке барған кезде өзіміздің проблемамыздың бәрі сыртта қалып, тек қана мектеп және оқушылардың жүрегінен орын таба білу біздіңбасты мақсатымыз деп ойлаймын. Мектепке өте жақсы сезіммен барамын. Оқушыларымды көрген кезде, бізге деген құрметі, апай қалыңыз қалай деп бір сұрағанының өзі қанаттандырады деп ойлаймын мұғалімдерді де. 


  Биыл еліміздің оқушылары 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми сайысқа қатысып, мыңнан астам жүлде жеңіп алды. Оның 200-ден астамы – алтын медаль. 

 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ 

 Осы тұста халықаралық физика олимпиадасында керемет өнер көрсеткен оқушыларды ерекше атап өткім келеді. Беделді бәсекеге қатысқан бес талапкеріміздің бесеуі де алтын медаль алып, жеңімпаз атанды. Бұл – бұрын-соңды болмаған бірегей көрсеткіш. Жалпы, біз барлық бағыттар бойынша осындай үздік нәтижеге ұмтылуымыз керек. Қазақстан жастарының әлеуеті оған толық жетеді. 


ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ 

Қазақстан бүгінгі таңда халықаралық робототехникадан, сонымен бірге ғылыми физикадан әлемдік деңгейде абсолютті чемпион. Математика бойынша Қазақстан құрамасы әлемдегі ең үздік 20 құрамаға кірді. 


Бөлісу

Аймақтық телеарналар