#qyzylordatv

Жас жұмысшы мамандардың республикалық слетіне қатысушылар қаладағы бірқатар кәсіпорындарға барды. Жұмысшы мамандықтардың болашағын талқылап, өзара тәжірибе алмасты.

Жұмысшы жастар слеті кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарын аралаудан басталды. Бүгінде, өңірде осы бағытта 19 колледж болса, онда 5 мыңға жуық жұмысшы кадр даярлануда. Биыл өңірде колледждердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, халықаралық байланысы нығая түсті. Түркия, Қырғызстан, Германия, Ресей, Латвия, Өзбекстан, Польша мемлекеттеріндегі оқу орындарымен ынтымақтастық мемарандумына қол қойып, жұмысшы маман әзірлеуде білім берудің халықаралық үлгісін қолданып келеді. Жас мамандар Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжінде болды.

 БАУЫРЖАН ЕРМҰХАН – И.ӘБДІКӘРІМОВ АТЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛОРДА ПОЛИТЕХНИКАЛЫҚ ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ //90 жылдық тарихы бар колледжіміз жұмысшы мамандарды дайындаумен айналысып келеді. Биыл коллдежді 150 студент бітірді. Түлектерді жұмыспен қамтуға атсалысамыз. Бірнеше кәсіптік кабинетіміз бар, одан да басқа көрсетеріміз көп//

 Мұнан соң, делегеттар қаладағы кәсіпорындармен танысты. Соның бірі еліміздегі ауқымды индустриялық жоба саналатын шыны зауыты. Оларға зауыттың мүмкіндігі мен қолданылатын замануи технологиялар таныстырылды. Кәсіпорын жылына 197 мың тонна шыны табақшасын шығаруға қауқарлы. Өнімнің 70 пайызы ішкі нарықты қамтамасыз етсе, қалғаны шет елдерге экспортталады. Мұнда 370 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

 ДАРЫН АМАНҚҰЛОВ – ЖАС МАМАН //Маңғыстаудан келіп, слетқа қатысып жатырмыз. Өзім газ саласында жұмыс істеймін. Мұндай зауыттар елдің экономикасын көтереді. Тәжірибе алмасып жатырмыз, өзімнің салама да қолдануға болатын бірнеше идея алдым. Жасап көреміз соны. Қызылордада өндіріс жақсы дамыған екен//

Сыр өңірі қашанда еңбекқор халқымен, тірліктен береке тапқан ауылдарымен танымал. Жас жұмысшылар делегациясы Бесарық ауылына экскурсия жасады. Мұндағы мақсат – шаруашылықты әртараптандырудың озық үлгісін көрсетіп, кәсіптің көзін тапқан еңбек адамдарын насихаттау.

 ТОҒЖАН АМАНУЛЛАЕВА – ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ //Шаруашылығы жақсы дамыған, еңбек адамдары көп ауылға әкелейік деп осы Бесарыққа келдік. Тамашалап жатыр. Слет барысында жұмысшы жастар бір-бірімен танысып, жақсы тәжірибе алмасты//

Тілші: Мұндай ауқымды слет аймақта алғаш рет өткізілді. Республикалық деңгейде жастардың басын бір арнаға тоғыстырған шара «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылып отыр.