#qyzylordatv
Енді әр SIM-картаны тіркеу кезінде биометриялық сәйкестендіру жүргізіледі. Мақсат – заңсыз айналымдағы SIM-карталарды жою. Алаяқтықтың алдын алу. Енді елімізде мемлекеттік платформаларға интернетсіз кіріп, қызмет алуға мүмкіндік туады. Мәжіліс қабырғасында сапалы интернетке қол жеткізуге қатысты заң жобасы қаралып, бірінші оқылымда мақұлданды. Нақты қандай технологиялар жүзеге асады?
Енді трассада интернет ұстамайды деген заман артта қалуы мүмкін. Министр Жаслан Мәдиевтің мәлімдемесі цифрлық Қазақстанның қалада ғана емес, тасжолдың бойында да сезіле бастайтынын көрсетті.
ЖАСЛАН МƏДИЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖƏНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ
Биыл республикалық маңызы бар автожолдар, ал келесі жылы – негізгі облыстық автожолдар мобильді интернетпен қамтылады.
Сондай-ақ, спутниктік интернет арқылы ел аумағы толық қамтылады. Биыл спутниктік интернетті пойыздар мен ұшақтарға енгізу жоспарланған. Ұшақта да еш кедергісіз желіде болу мүмкінгі туады.
ӘБУТӘЛІП МҮТӘЛІ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ Пойыздарда, ұшақтарда, трассаларда интернет болатын болады. Қашан сұрағы бойынша, құзіретті органның айтуы бойынша, осы жылдың аяғына дейін пойыздарда интернет пайда болады. Республикалық трассаларда 2026 жылдың соңына дейін.
Алдағы 2 жылда 3,5 мыңнан астам ауылды жоғары жылдамдықты интернетке қосу жоспарланып отыр. Бұл ауылдарды оптикалық интернетпен қамтуды қазіргі 43 пайыздан 92 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік бермек. Енді қазақстандықтар ұялы телефонында балансы болмаса да, мемлекеттік сервистерді пайдалана алады. Мысалы, eGov, e-Otinish, Aitu қызметтерін еш кедергісіз пайдалана аламыз.
РУСЛАН ҚОЖАСБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ Аталған заң жобасы байланыс инфрақұрылымын дамытуды одан әрі жетілдіруге, перспективалы телекоммуникациялық технологияларды тарту үшін қолайлы жағдай жасауға, халық үшін байланыс қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
SIM-картаны тіркеу кезінде биометриялық сәйкестендіру жүргізіледі. Мақсат – заңсыз айналымдағы SIM-карталарды жою. Алаяқтықтың алдын алу.