#qyzylordatv

Бүгінде күре жолдың бойында үй жануарлары көлік қозғалысына үлкен кедергі келтіруде. Қараусыз жүрген төрт түліктің кесірінен қайғылы жағдайлар жиі орын алып жатыр. Әсіресе, халықаралық автодәліздің бойында орналасқан ауылдардың тұсы алаңдатып отыр. Осыған орай, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы облыстық филиалының бастамасымен жол бойы бақылауға алынып, тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

 ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ

Баймұрат батыр ауылы «Батыс Еуропа – батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің бойында орналасқан. ауылда 300-ге жуық түтін бар. Халықтың басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысады. Алайда, елді мекенде төрт түлікті кезекпен бағатын бақташы жоқ. Соның салдарынан жол жиігінде жайылған малды қағу деректері жиілеген.

Өйткені, елді мекен іргесін егістік алып жатыр. Шаруашылық құрылымдары алқапты қоршап алған. Сондықтан, қараусыз қалған мал Шіркейлі каналы мен трассаның жиегінде жайылады. Тұрғындар дәл қазір «төрт түлікті қолда ұстау тиімсіз» дейді.

 ТЕМІРБЕК ҚАЗЫМБЕКОВ – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ

Ірі қараға жайылатын малдың жайылымы жоқ. ауылдың төрт бұрышынан мал шығады. Біреуі мынау Махамбетов ауылына қарай трасса жағалап шығады. Біреуі Батысқа қарай трасса жағалап кетеді. Қазір осы екі жаққа жайылымға кеткен малдарды қағады көліктер. Қыста да қағып жатыр. Әсіресе, жаз айында көп оқиға орын алады. Август, Сентябрьге дейін трасса жиегінде мал жайылады. Бақташы жөнінде әкімгершілікпен талай жиналыс өткізіп, халықпен кездесулер өткізіп жүрміз. Бірақ, малдардың өрісі жан жақта болғаннан кейін бақташы шықпайды. Еге бола алмаймыз дейді. Сосын арнайы бір жерге апарып жаятын өріс те жоқ. Бәрі күріштік қылып қоршап алған. Көбісі далада қалып қояды, оны сол көлік қағады.

Сала мамандары апаттың алдын алу үшін тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жол жиегіне ескерту белгілерін орнатқан. Оның үстіне, жолдың бойы қатаң бақылауға алынған. Десе де, профилактикалық шараларға қарамастан, аймақта ахуал әлі де күрделі. Мәселен, былтыр дәл осы автожолдың бойында 7 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, салдарынан екі адам қаза тапқан. Тағы 10-ы ауыр жарақат алыпты. Биыл тағы екі жол апаты тіркелген.

 ҒАЛЫМЖАН ОСПАНОВ - «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК АҚ ҚОФ БАС МАМАНЫ

Қарабұтақ-Қызылорда-Шымкент автомобиль жолының бойында үй жануарларының қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғалары әлі де болсын тыйылар емес. Салдарынан материалдық шығындармен қатар, қайғылы оқиғаларда орын алуда. Осыған байланысты, ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясы филиалының ұйымдастыруымен трасса бойына шолу ұйымдастырылуда. Яғни, осы трасса бойында орналасқан елді мекендерге кіріп, жауапты мамандарын қатыстыра отырып, жиналыстар өткізіп, үй жануарларына арнайы жарық қайтарғыш ленталарын тағу жұмыстарын жүргізіліп келеді. Бұл лентаны тағып, жол үстінде бағуға рұқсат деген сөз емес, түнгі мезгілде жол бойына шығып кеткен малдарды абайсыздар қағып кетпеу үшін жасалынған шаралар. Бұған дейін барлық елді мекен әкімдерімен келісе отырып, жер асты айдап әкету өткелдері салынған. Сондықтан сол жолдармен өткізу керектігін ескертеміз.

Халықаралық көлік дәлізі облыс аумағының 812 шақырымын басып өтеді. Оның бойында 80-нен аса мал өткелі бар. Дегенмен қараусыз жүрген үй жануарлары арнайы өткелге үйренбегендіктен жол бойын кесіп өтеді. Салдары орны толмас шығын, қайғылы жағдайға әкелуде. Көлік апаты көбінде түн ортасында орын алады. Сондықтан тәртіп сақшылары бағусыз малдарға тым болмағанда жарық шағылыстыратын алқа тағуды сұрап отыр. Бұл мал иесіне де, жол қозғалысына да тиімді. Алыстан жарық түссе, жүргізушілер көлік жылдамдығын бәсеңдетіп, сақтық танытады.