#qyzylordatv

Футбол әлемінен ақжолтай ақпар. Қызылордалық «Қайсар» ел кубогының жартылай финалына жолдама алды. Ширек финалда қостанайлық «Тобылмен» тең тарқасқан «дала қасқырлары» жеңімпазды пенальти сериясында анықтады.

 Былтыр ел кубогын иеленген «Тобыл» ойыншылары матч басталысымен тізгінді өз қолына алуға тырысты. Алаң иелерін қауіпті шабуылдармен сынап көргенмен нәтиже бермеді. Есеп бірінші таймның 33-минутында ашылды. Нигериялық форвард Виктор Мозестің нәтижелі пасынан соң қайсарлық шабуылшы Бақдәулет Көңлімқостың тепкен добы қақпа торында тулады. Ал қостанайлықтар екінші таймның 78-минутында есепті теңестірді. Гол соққан - Дәурен Жұмат. Мұнан кейін де бірнеше қауіпті шабуыл болғанымен қарсыластар негізгі және қосымша уақытта жеңімпазды анықтай алған жоқ. Матч тағдыры пенальти сериясында шешілді. Осылайша жергілікті команда жартылай финалға жолдама алды. Енді олар елордалық «Жеңіспен» кездеседі. Ал жартылай финалдың тағы бір жұбы - Шымкенттің «Ордабасы» мен Өскеменнің «Алтайы» болмақ.