#qyzylordatv
Облыс орталығында ана мен бала денсаулығын қолдау мақсатында «Ана мен балаға өмір сыйлайық» атты қан донорлығы акциясы басталды. Бұл шара облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бастамасымен өткізілуде.
10 мамыр Аналар күнінде басталған акция 1 маусым Балаларды қорғау күніне дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында қала және аудан әкімдіктерінің, сондай-ақ облыстық басқармалар мен мекемелердің қызметкерлері қан тапсырып, игі шараға атсалысады деп жоспарлануда. Ұйымдастырушылар облыс тұрғындарын бұл бастамаға белсенді қатысуға шақырды. Себебі әрбір тапсырылған қан адамдарға үміт сыйлап, ана мен бала өмірін сақтауға көмектеседі.
РУСЛАН КАЮПОВ – ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Негізгі мақсатымыз статистика көрсетіп тұрғандай Қызылорда облысында 20 мыңға жуық сәби дүниеге келетін болса, енді өмір болғасын, өкіншке қарай, ана мен баланың өміріне қауіп төніп тұратын жағдайлар болады. Сондықтан бүгін облыс көлеміндегі барлық қоғам белсенділері, барлық мемлекеттік қызметкерлер, еріктілер ұйымдары болсын, барлығы бірлесіп ана мен балаға өмір сыйлау мақсатында, ана мен балаға қажетті қан қорын көбейту мақсатында акция ұйымдастырылып жатыр.
СӘБИТ СҰЛТАН – ОТБАСЫЛЫҚ-ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯНЫҢ МҮШЕСІ
Бүгін біз облыстық отбасылық демография комиссиясының мүшелері келіп осы «Ана мен балаға өмір сыйла» акциясына өз үлесімізді қосып жатырмыз қан тапсырып. Жалпы бұл үлкен сауапты іс деп білеміз. Сол себепті өзім де жүйелі түрде қан тапсырып тұрамын. Баршаңызды осы донор болу акциясына шақырамын, қосылып қан тапсырыңыздар.