#qyzylordatv
Жылдар жылжыған сайын майданда ел үшін отқа түскен батырлар қатары сиреуде. Бүгінде, аймақта сол зұлмат кезеңнің жалғыз куәгері қалды. Ол – сырдариялық Яхия Тасыров. Аудандық аурухана дәрігерлері бүгін қарт жауынгердің үйіне барып, кезектен тыс медициналық тексеруден өткізді.
Медицина мамандарын 103 жастағы қарт жауынгер тік отырып қарсы алды. Хәл-жағдайын сұрап келген ақ ахалаттылармен жадында сақталған естеліктерімен бөлісіп, әңгіме дүкен құрды. Осы уақытта дәрігерлер ардагерді тексеріп, қажетті көмек көрсетті.
Соғыс ардагерінің үйінде болған дәрігерлер құрамында аудандық аурухананың бас дәрігері, терапевт, кардиолог және мейірбике бар. Олар қариядан қан сараптамасын алып, тексеру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, дәрігерлер ардагерге нақты кеңестер беріп, емдеу шараларын тағайындады. Өз кезегінде ақсақал ақ халаттыларға алғысын жеткізіп, ақ батасын берді.
Қарт майдангердің денсаулығы әлі тың. Жылына екі рет аудандық ауруханаға барып кешенді медициналық тексерістен өтіп тұрады. Одан бөлек, қажетті дәрі дәрмектерді медицина мамандары үйіне дер кезінде жеткізіп отыр.