Аралда Халықаралық әйелдер күніне орай «Әйел – махаббат, әйел – өмір» атты салтанатты шара ұйымдастырылды. Аудан әкімі түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген аруларға құрмет көрсетті.

Аудан әкімі алдымен өңірдің өсіп өркендеуіне үлес қосқан ақжаулықты аналардың шаңырағына арнайы барып, аймақ басшысының құттықтауын жеткізді. Гүл шоғын тарту етіп, сый құрмет көрсетті. Ақыл Сәдуақасқызы ұзақ жылдар кәсіпкерлікпен айналысып, ауданның әлеуметтік экономикалық дамуына атсалысты. Аудандық мәслихаттың депутаты ретінде халық сенімін арқалап, тұрғындардың талап, тілегін көтерді.

       Ал, сексеннің сеңгіріне шыққан Ақжарқын Жанділдаева отыз жылға жуық балабақшада жұмыс істеп, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнады. Білім саласының ардагері мерекемен құттықтап келген азаматтарға аналық алғысын айтып, батасын берді.

Әйел отбасының ғана емес, қоғамның ұйытқысы, тіршіліктің тірегі, берекенің бастауы. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аяулы жандарға қандай құрмет көрсетілсе де жарасымды. Салтанатты шарада аудан өнерпаздары ана есімін ардақтап, жыр жолдарын арнады.

Бүгінде ауданда 79 мыңға жуық халық тұрса, соның жартысын әйелдер құрайды. Оның ішінде екі мыңнан астамы көпбалалы ана статусына ие. Аралдық аналар демографиялық ахуалды жақсартып қана қоймай, әр саланың тізгінін ұстап, ауданның әлеуметтік экономикалық дамуына үлес қосып жүр. Мәселен, мемлекеттік қызметшілердің 36 пайызы әйел болса, медицина саласының

83 пайызы, мәдениет саласының 80 пайызы, ұстаздардың 65 пайызы, кәсіпкерлердің 47 пайызы нәзік жандардың үлесінде.

Мерекелік кеште түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерге құрмет көрсетілді. Марапат мінберінен көрінгендердің бірі- Қуаныш Жанаева. Ұзақ жылдар аудандық емханада жұмыс істеген дәрігер зейнетке шықса да қызметтен қол үзбеген. Қазір өзінің бар білгенін, өмірден түйгенін жас мамандарға үйретіп жүр.

Ал, Қалияш Білмәнова қырық жылдан астам тәжірибесі бар білікті бухгалтер. Қаржы саласының ардагері салатантты шарада ауданның Құрмет грамотасын алып, мерейі үстем болды.

Кеште ауданның білім саласының дамуына үлес қосып жүрген мұғалімдер, құқық бұзушылықтың алдын алуда уақытпен санаспай қызмет атқарып жүрген тәртіп сақшылары, қолөнершілер, қарапайым еңбек адамдары, көпбалалы аналар облыс және аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Мерекелік шарада аралдан шыққан талантты әнші, эстрада жұлдызы Кеңес Әлімжан өнер көрсетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.