Әрине, бала тәрбиесі мен қоғам дамуы жолында әйел-аналардың қосар үлесі ерекше. Бұл ретте 41 еңбек ерін дүниеге әкелген шиелілік аналардың мерейі үстем. Сондықтан, шұғылалы көктемнің жаймашуақ мерекесі шежірелі ауданда да шаттықпен тойланды. Тақырыпты әріптесім Елжас Әбділда сабақтайды.
Жер – ана, гүл – ана, Сыр – ана! Аналарды қалай әспеттесек те көркем сөздің бір ұшы жетпей тұратындай көрінеді, ылғи. Бұл нәзіктігімен мықты боп жүрген аяулы жандардың абыройын айшықтаса керек. Шиеліде өткен мерекелік шарада ыстық Отанның мерейін тасытқан ару аналарға аудан әкімі ыстық лебізін жеткізді.
Бүгінде Шиеліде көпбалалы аналардың қатары артып келеді. Аудан бойынша 2561 батыр ана тіркелген. Олардың тең жартысына жуығы алтын алқа иегерлері. Бақсақ, бүгінге бүлінбей жеткен болмысымыздың бір жұрнағы болса, намысты әкелер мен текті аналардың тәлімінен. Сондықтан ерінің дарасы, елінің анасы атанған аналар қай кезде де құрметке лайық.
Әйел аналар бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді әлдилеген жайдары жандар. Тіршіліктің тамыршысындай үй мен түздің арасын бақытқа бөлеп жүрген ару аналарға алғыс алғаусыз. Осы орайда түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер де құрмет төрінен көрінді. Бұл кештің басты ерекшелігі сол, қайсібір шараның басы-қасында көбіне қыз-келіншектер жүрсе, бұл жолы олар тек тыңдарман. Сахнаның сәніне айналған өнерлі жігіттер әннен шашу шашып, мерекелік кештің көркін кіргізді.
Дүниедегі қандай да бір жарқын жетістіктің басында ер азаматтар тұруы мүмкін. Ал тереңіне үңілсеңіз, әйел затының ақылдылығы мен еріне деген ілтипаттың жемісі екенін аңғарасыз. Демек бұл бір күннің, бір гүлдің мерекесі емес. Қыз-келіншектерге деген құрмет әр сәттің мәні!