#qyzylordatv

Биыл Ақсуат ауылында мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындарға арнайы «Агроаймақ» құрылды. Бүгінде, оған жер телімі белгіленіп, тиісті инфрақұрылымдық мәселелер шешімін тауып отыр. Бұл мал басын көбейтіп, асылдандыруға ниет білдірген кез келген шаруа үшін тиімді жоба болмақ. Ауыл әкімі журналистермен өткізген баспасөз мәслихатында жарты жылдықта атқарылған жұмыстардың нәтижесін айтып, алдағы мақсат-міндеттерімен бөлісті.

 Ауылдың жетістігі мен алдағы атқарылатын жұмыстар туралы баяндаған Нұрболат Бақытов әр саланы саралап берді. Биыл қала маңындағы елді-мекенде байырқалы бастамалар көп. Соның ішінде ауылдық округте кәсіпкерлік саласы қарқынды дамуда.

НҰРБОЛАТ БАҚЫТОВ – АҚСУАТ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ //Округте 602 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. 2025 жылдың 6 айы бойынша 11 кәсіпкер 281,0 млн. теңге несие алған. Оның ішінде, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 8 кәсіпкер 46,0 млн теңге. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау арқылы 1 жоба 200,0 млн. теңге. қолдау тапты. Басқада несие серіктестері арқылы 2 кәсіпкер 46 млн. теңгеге несие алды. «Бастау Бизнес» курсын 10 адам оқып сертификатын алса, мемлекеттік қайтарымсыз грант бойынша 28,3 млн. теңгені құрайтын 18 жоба қолдау алса, «Қызылорда» өңірлік инвестиция орталығы» микро қаржылық ұйымы арқылы 9,8 млн. теңгені құрайтын ағаш шеберханасы жобасы қолдау алды//

 Ауыл бизнесмендері мемлекеттік жобалардың аясында кәсібінің ауқымын кеңейтіп, ісін өрге дөңгелетіп отыр. Қазір елді-мекенде тұрмысқа қажетті заттар шығаратын шағын фабрикалар жұмыс істеп тұр. Оған қоса, ағымдағы жылы ара шаруашылығы, темір бұйымдары өндірісі мен массаж орталығын ашу, жылыжай, тігін цехы, құрылысқа қажетті пескоблок, бордюр, брусчатка өнімдерін шығару, кондитерлік және автокөліктерді жөндеп, сырлау сынды жобалар қолдау тауып, бүгінде ауыл тұрғындарына өз қызметтерін ұсынуда.

Ерекше атап өтетін тағы бір жәйт ауылда «агроиндустриялық» аймақ ашу көзделуде.

 НҰРБОЛАТ БАҚЫТОВ – АҚСУАТ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ //Ауылдық округтегі мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындарға арнайы ауыл сыртынан Агроаймаққа жер телімі белгіленіп, құжаттары рәсімделіп, 3 млн. 499,9 мың теңгеге Агро аймаққа бөлінген жер учаскесіне қоршау жұмыстары жүргізілді//

Тілші: Брифингте әлеуметтік мәселелер де сөз болды. Биыл Ақсуат ауылдық округінде қосымша электр жарығын жүргізуге бюджеттен 74 млн теңге қаралып, оған 32 көшеге жарық тартылып жатыр. Сондай-ақ, 600 млн теңгеге ауыл көшелері асфальтталатын болды. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қолдау да өз деңгейінде.

НҰРБОЛАТ БАҚЫТОВ – АҚСУАТ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ //Қоғамдық көліктер қатынайтын басты көшелер – П.Тлепбаев, А.Найзағараев, Б.Жүсіпбеков, Канал-2 көшелерінде 100 млн. теңгеге жол құрылысы басталды, биыл қалған 616 млн. 756 мың теңгеге жол жөндеу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда 11 млн. 232 мың теңгеге 1,22 км болатын А.Арысбаев, Орманбаевтар, О.Жакенов көшелеріне түнгі жарық бағаналары орнату жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ, 1 млрд. 346 млн. теңгеге 18 көшеге жол құрылысын жүргізу және 315,62 млн. теңгеге 4 көшені қайта жаңғырту жұмыстары өтпелі кезеңмен жүргізілетін болады. Сонымен қатар, жоба құны 145 млн. 801,6 мың теңгеге 7 көшеге түнгі жарық бағаналарын орнату үшін Қалалық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арқылы мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялау жоспарлануда. Округ бойынша 2025 жылдың 6 айында 60 отбасына – 16,6 млн тенге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды//

 Ауылда жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында 800 адам жұмыспен қамтылса, тағы 600-дейі өз-өзін жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуымен ауылда жұмыссыздық деңгейін барынша төмендету жоспарлануда.