#qyzylordatv
Футболдан ел чемпионаты жалғасып жатыр. Күні кеше 22-тур ойындары өтіп, «Қайсар» өз алаңында «Атырауды» қабылдады. Есеп -0:0.
Бұған дейін «Ордабасымен» тең ойнап, «Тұранға» жеңілген «қасқырлар» өз алаңындағы матчқа тең жеңіс үшін шыққан. Ал, Премьер лигадағы орнын сақтап қалуға жанталасып жатқан атыраулық команда үшін әр ойында ұпай еншілеу маңызды еді. Алаң иелері кездесу басталысымен шабуылға басымдық беріп, сәт сайын қонақтар қақпасына қауіп төндірумен болды.
Алайда батыс өлкенің командасы шеберлік танытып, соңғы шепте өте сенімді ойнады. Қайсарлықтар да сауатты шабуылдап, сәт сайын қарсыластың қақпасын торуылдаумен болды. Кездесудің 29 минутында алаң иелері есеп ашуға сәл-ақ қалды. Бірақ, Нұрдәулет Ағзамбаевтың бағыттаған соққысы қақпаның бағанасына тиіп, оңтайлы сәтті мүлт жіберіп алды.
Екінші таймда «Қайсар» қарқынын тіпті үдете түсті. Жоғары қысым көрсетіп, допқа көбірек иелік етті. «Атырау» да арагідік қарымта шабуылдар ұйымдастырды. Десе де, екі тарап голға ұмтылғанымен, бұл кездесуде есеп ашылмады. Қорытынды есеп 0-0.
Айта кетейік, «Атырауға» қарсы ойын «дала қасқырлары» үшін өз алаңындағы соңғы ойын болатын. Енді, қалған 5 турды сыртта өткізеді. «Астана», «Жетісу», «Тобыл», «Ұлытау» және «Жеңіске» қарсы ойнайды.