#qyzylordatv

Жылу беру маусымы жақындаған сайын аймақ тұрғындарын үздіксіз әрі қауіпсіз көгілдір отынмен қамту мәселесі басты назарда. Осы орайда Өңірлік коммуникациялар қызметі баспасөз турын ұйымдастырып, журналистер «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамы өндірістік филиалының күнделікті қызметі мен жылыту кезеңіне дайындық жұмыстарын көрді.

Пресс-тур барысында қаламгерлер қала ішінде орналасқан бірқатар нысанды аралап шықты. Сала мамандары газ құбырларының техникалық жай-күйі, қауіпсіздік шаралары және жоспарлы жұмыстар туралы жан-жақты мәлімет берді. Аймағымызда көгілдір отын тұтынушыларының саны жылдан жылға артып келеді. Бүгінгі таңда 147 995 абонент газға қосылған. Бұл көрсеткіш тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізуде. Қазіргі таңда филиалдың теңгерімінде ұзындығы 4250,4 шақырымды құрайтын газ құбыры бар.

 Бауыржан Әбдіқаппарұлы - «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы директорының міндетін атқарушы

Қысқы маусымға дайындық жұмыстарын біз сәуір айының 15-інен бастадық. Тамыз айының соңына дейін толық аяқтап, жүйені сақадай-сай ету - басты мақсатымыз. Бұл ең әуелі облыс тұрғындарының үздіксіз әрі сенімді газбен қамтылуын қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінде барлық жоспарланған жөндеу және техникалық қызмет көрсету шаралары толық орындалды. Құбырлар мен газ реттеу нысандары тексеріліп, ақаулар жойылды. Сонымен бірге мамандар арнайы оқу-жаттығулардан өтіп, кез келген жағдайға дайындықтарын шыңдауда. Алдағы жылыту кезеңінде халық пен әлеуметтік нысандарды тұрақты газбен қамтамасыз ету - біздің негізгі міндетіміз. Осы мақсатта филиал ұжымы бар күшін салып жұмыс істейтін болады, Келер жылыту маусымына толыққанды дайындық жасау үшін арнайы паспорт әзірленіп, ол облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен келісілген. Жоспарға сәйкес барлық ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары орындалды.

 Сала өкілі Қызылорда облысы алдағы күзгі-қысқы жылыту маусымына толық дайын деп мәлімдеді.