#qyzylordatv

Президент Қасым Жомарт Тоқаев ресми сапармен Қырғыз Республикасына барды. Жоспар бойынша Бішкекте жоғары деңгейдегі келіссөздер өтіп, бірқатар мәдени шаралар ұйымдастырылады.

 Мемлекет басшысын Манас халықаралық әуежайында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров қарсы алды.

 Құрметті мейманды бауырлас жұрттың өнерпаздары ұлттық нақыштағы салтанатпен күтіп алды. Қос халықтың рухани тамырластықтан сыр шертетін күйі мен биі қазақ-қырғыз достығының тарих қатпарларынан бастау алатынын көрсетті.

Бауырлас екі ел арасындағы алыс-беріс жыл сайын артып келеді. Былтыр 1,7 млрд доллардың саудасы жасалған. Биыл жарты жылда 1 млрд (983 млн) доллорға жақындады. Оның 759 млн-ы біздің сатқанымыз болса, импорт 224 млн доллар.

САПАРБАЙ ЖОБАЕВ ЭКОНОМИСТ \Біз оларға өте көп өзіміздегі өнімдерді, оларда жоқ өнімдерді береміз. Мәселен тамақ өнеркәсібі дейміз бе Ұн, бидай, мұнай, бензин сияқты нәрселерді береміз. Кейін металл өнімдерін береміз. Ал Қырғызстаннан бізге, Негізінен азық түлік, жеміс жидек, сұрма бар, және жеңіл өнеркәсібі өнімдері оларда жақсы игеріп кетті.

Сарапшылар екі ел арасындағы көлік-логистика саласында зор мүмкіндік бар екенін айтады. Қазақстан мен Қырғызстан – Қытай мен Еуропа арасындағы алтын көпір. Сондықтан транзиттік бағыттарды дамыту, Солтүстік – Оңтүстік дәлізін жандандыру – ортақ ұтымды шешім. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы, жеңіл және өңдеу өнеркәсібі салаларында да ауқымды жобалар қолға алынған.

 Осы жолғы сапар кезінде саяси, экономикалық қатынастардан бөлек, мәдени, білім, цифрлық даму сияқты салаларындағы әріптестікті әртараптандыру бойынша келіссөздер жүргізілмек.