#qyzylordatv

Еліміз үшін ең қастерлі әрі ұлық мерекені Конституция күнін қазалылықтар да кең көлемде атап өтті. Салтанатты шарада ауданның әлеуметтік экономикалық дамуына үлес қосып жүрген түрлі сала қызметкерлері облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

 Биыл ел тарихында ерекше күн. Осыдан 30 жыл бұрын дәл осы күні жалпыхалықтық референдумда дауыс беру арқылы еліміздің негізгі Ата Заңы қабылданған болатын. Осылайша тәуелсіз Қазақстан зайырлы, құқықтық және біртұтас мемлекет деп жарияланды.

 Конституция - егемен еліміздің мемлекеттілігін, тәуелсіздігін, татулығы мен тұрақтылығын, демократиялық құндылығын айқындайтын басты құжат. Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Әз Тәукенің «Жеті Жарғысынан» бастау алған Ата заң бүгінде ел дамуының басты бағдаршамына айналды. Тұғырлы тәуелсіздікке қол жеткізіп, азаттықтың алтын арқауы Ата Заң қабылданғаннан бері еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Байыпты бастамалар қолға алынып, жарқын жобалар жүзеге асырылуда. Соның ішінде Сыр өңірінде серпінді істер аз емес.

 ЖАЛҒАС СҮЙЕУБАЕВ, АУДАН ӘКІМІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ \Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Үкіметтің және аймақ басшысының ерекше қолдауының арқасында жыл сайын ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық серпінді дамуы тұрақты түрде қамтамасыз етіліп келеді. Әрине, жыл басынан бері барлық макроэкономикалық көрсеткіштеріміз 100 пайыздан артық орындалып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеміз...\

 Бүгінде Қазалыда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жыл соңына дейін Сарбұлақ, Шилі, Шәкен және Шитүбек елді мекендері таза ауыз сумен қамтылса, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев, Ақсуат, Байқожа елді мекендері көгілдір отынмен қамтылады. Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев Қазалыда атқарылып жатқан осы және өзгеде жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, еңбек ардагерлері мен бірқатар сала қызметкерлеріне құрмет көрсетті.

 Конституция күніне арналған мерекелік жиында Бозкөл ауылдық округінің әкімі Ақылбек Бөлебаевқа «Мемлекеттік қызметтің дамуына үлес қосқаны үшін» төсбелгісі табысталды.

 Ата заңды ұлықтауға арналған шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды. Термешілер текті сөзді төрге оздырып, тыңдарманға рухани азық сыйласа, әншілер патриоттық әндер шырқап, көпшіліктің қошеметіне ие болды.