#qyzylordatv
Арал қаласында Жарасқан Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейде заманауи үлгідегі телестудия ашылды. Оқушылардың шығармашылығын дамытып, медиасауаттылығын арттыруға бағытталған бастамаға ардагер ұстаз Айсұлу Әлімбаеваның отбасы қолдау білдірген.
Саналы ғұмырын білім саласына арнаған Айсұлу Тілеужанқызы қазіргі күні Астана қаласында тұрады. «Ақ кимешек» аналар тобының мүшесі жастарға қазақтың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпын насихаттап жүр. Бала тәрбиесіне ерекше ден қойған ардагер ұстаз туған жерге тарту жасап, игі істің ұйытқысы болды. «Ризашылық – жүректен» атты іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхаммед Бохаев Айсұлу Әлімбаеваға алғыс айтып, құрмет көрсетті. Кеш барысында жаңадан ашылған телестудияда алғашқы подкаст жазылды. Сұқбат барысында білім саласының ардагері Айсұлу Тілеужанқызымен оның ұлы, кәсіпкер Алмат Досымов оқушылардың сауалдарына жауап беріп, ұрпақ тәрбиесі, жетістікке жетудің қыр-сырымен бөлісті.