#qyzylordatv #тазақазақстан
Қоршаған ортаға жанашыр болу, оған үлкен жауапкершілікпен және шынайы қамқорлықпен қарау ұлттық идеологияның өзегі болуы керек. Бұл туралы Президент Қазақстан халқына Жолдауында айтты. Жұрт болып жұмылудың арқасында былтырдан бері елімізде 860 мың гектардан астам аумақ тазаланды, төрт миллионнан астам ағаш отырғызылды. Тазалық мәдениеті Сырдың бас шаһарында да терең орнығып келеді. Жалпыұлттық экологиялық акциясына апта сайын түрлі мекеме өкілдері, еріктілер мен белсенді жастар, ардагерлер мен қоғам қайраткерлері қатысып жүрсе, бұл жолы Қызылорда қаласындағы қоныс-колониясында жазасын өтеп жатқандар акцияға үлес қосты.
Олар Президенттік парк пен Мемлекеттік рәміздер алаңының жанында орналасқан «Денсаулық саябағының» аумағын тазалады. Шашылып жатқан қоқыстарды жинап, жұрт тынығатын демалыс орындарын ретке келтірді. Саябақтағы қураған ағаштардың бұтақтарын кесті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар қаланың экологиясын жақсартумен қатар, сотталған азаматтардың қоғамға бейімделуіне, жауапкершілігін арттыруға септігін тигізеді.