#qyzylordatv
Алдағы 13-14 қыркүйек күндері Астана қаласында Қызылорда облысының тауар өндірушілерінің қатысуымен дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Бүгін Сыр өңірінен берекелі күздің несібесін артқан жүк керуені жолға шықты.
Елуден астам көлікке тиелген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 500 тоннаға жуық. Оның басым бөлігі аймақтың брендіне айналған Сыр салысы. Көлемі 200 тоннадан асады.
Елордаға балық пен ет, ас тұзы, бақша дақылдары, көкөніс және ұлттық сусындар, тіпті қазыға дейін жеткізіледі. «Диқандар мен тауар өндірушілер ұсынатын өнімдердің бағасы нарықтағыдан 15 пайызға төмен болады»,- дейді басқарма басшысы.
Жалпы биыл 7 айда ауыл шаруашылығы саласында 46,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 2,6 пайызға артқан. Сондай-ақ жыл басынан бері облыстан құны 18,8 миллион долларды құрайтын 37,7 мың тонна өнім әлемнің 19 мемлекетіне экспортталыпты.