#qyzylordatv
Қала әкімі депутаттар алдында есеп берді. Қалалық мәслихаттың кезекті 42-ші сессиясына қатысқан Нұржан Ахатов шаһарды дамыту бағытындағы бастамаларды баяндап, өзекті сауалдарға жауап берді.
Күн тәртібіне ұсынылған алғашқы мәселе «2025-2027 жылдарға арналған Қызылорда қаласына қарасты кент және ауылдық округтердің бюджеттерін бекіту туралы» мәслихат шешімдеріне өзгерістер енгізу болды.
Жыл басында 73,1 миллиард теңге көлемінде бекітілген қала бюджет 164 миллиард теңгеге жетті. Оның ішінде өз кірісі 32 миллиард теңге. Қалада мемлекеттік бағдарламалар арқылы 3,7 миллиард теңге болатын 64 жоба субсидияланған. Қала әкімі бұқараны баспанамен қамту бағытында ауқымды іс атқарылғанын баяндады.
Биыл қалаға қарасты 6 елді мекенде жаңадан қоныстанған аумақтарда электр желілері жаңадан салынса, тозығы жеткен жүйелер қайта жаңғыртылып жатыр. Жоба құны 3,2 миллиард теңге. Ал инфрақұрылымды дамыту бағытында ұзындығы 68,4 шақырым болатын 26 жоба қаржыландырылыпты. Сондай-ақ биыл «Сабалақ» саяжайында көгілдір отынмен қамту жұмысы қарқынды. Көшелерді жөндеуге де мән беріле бастаған.
Қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев тегеурінді талаптың арқасында салықтық түсімдердің артқанын алға тартты.
Сессияда қала халқының өмір сүру сапасын арттыру, экологиялық орта қалыптастыру мақсатында бес жылдық дендрологиялық жоспар қабылданып, оған сәйкес 15 мың түп ағаш отырғызу жоспары бар екені айтылды. Депутаттар қаладағы өзекті мәселелер бойынша ұсыныстарын жеткізді. Мәселен Тасбөгет кентіндегі көшелерді жөндеу, кенттегі биологиялық тазарту станциясын көшіру, Қызылөзек ауылдық округінде өрт сөндіру бекетін ашу қажеттігі айтылды.